Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  83


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жоғалу

Айға қарап түнде ұлыса бөрілер,
Тәңірдің де көлеңкесі көрінер!..
Менің шерлі жүрегімді дұғалап,
Жыр жұлдызы таң атқанша төгілер.
Кеше мерт боп жапырақтық дірілден,
Сезім көп қой бүгін қайта тірілген.
Шыр айналып сорлы сайтан билеп жүр,
Айырмақшы, ә, періштемнен, пірімнен?
Дем бермесе сәулесімен аспанға Ай,
Тұншығамын мәңгі түнек басқандай...
Қара бұлтты кештім талай түсімде,
Жанарымнан бір тамшы да жас тамбай...
Түпкі ойымды түсінетін дос қайда,
Дос дегенді жалғыздығым қоштай ма?
Бөлмем іші ойнап жатыр мұңды күй,
Кеңістікке телміріп тұр босқа айна.
Өлеңімнен шашырайды жан күліп,
Жұмақ нұрынан жаралғанын заңды ғып.
Еш өкінбей кетіп барам өмірден,
Ғайып дүние, саған қарай қаңғырып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу