27.05.2022
  1041


Автор: Мағжан Жұмабаев

Қойлыбайдың қобызы

Ертеде ел бар екен қалың Найман,
Қытайға қалың Найман қанат жайған.
Қалың Найман ішінде Бағаналы,
Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан.
Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген,
Алдында жорғалаған шашты шайтан.
Қойлыбай қобыз алса-ақ қалбалаңдап,
Қақаман жетіп келед əлдеқайдан.
Қақаман жалғыз көзді жынның ері,
Ерегіссе тау-тасқа салған ойран.
Дарқанның Нəдір пері – аға жыны,
Ардақтап оған Шолақ деп ат қойған.
Қойлекеңнің үшінші жан жолдасы –
Шайтанның шу асауы батыр Шайлан.
Қойлыбай бақсы болған қазақ асқан,
Жын менен жолдас болған бала жастан.
Азырақ əңгіме үшін сөз қозғайын,
Қалың Найман жиылған бір зор астан.
Бір асқа жиылыпты Найман тамам,
Бай, биі, батырлары балпаң басқан.
Ішінде сол жиынның Барақ та бар,
Аузынан арыстандай жалын шашқан.
Бəйгеге екі жүздей ат жіберіп,
Күрес сап жиылған жұрт ұрандасқан.
Ерігіп аңғал батыр, маңғаз байлар:
«Бəйгеге қобызың қос» деп сұрасқан.
Қалқасы қалың Найман қалаған соң,
Қойлыбайың бəйгеге қобыз қосқан.
Найманның ұлы дүбір сол асында,
Əлеумет алқа-қотан дөң басында.
(1893 1938)
Айнала ығай-сығай, жақсы жайсаң,
Қойлыбай қобызымен ортасында.
Бас болып батыр Барақ қалаған соң,
Бəйгеге бақсы қобыз қоспасын ба?
Қойлыбай сонда айтады шақырып ап,
Ыңғайлы бір бозбаланы өз қасына:
«Ат шабатын жерде бір сексеуіл бар
Жарып өскен жапанның жартасына.
Қобызды сексеуілге байлап таста,
Мен сенем жын Қақаман жолдасыма».
Қалың Найман бəйгеге қобыз қосып,
Шуласып отырысты дөң басында.
Бір кезде ат келетін мезгіл жетті,
Бозбала ат алдынан шауып кетті.
Сол уақыт жай отырған Қойлыбайды
Аруақ қалшылдатып, дірілдетті.
Аузынан қанды көбік бұрқ-бұрқ етіп,
Жап-жалаңаш қылышты қобыз етті.
Көздері қып-қызыл боп қанға толып,
Сарыны сардаланы күңірентті.
Бір мезгіл екпіндетіп, долдандырып,
Бір мезгіл жыны буып күбірлетті.
Қалың құмды қап-қара бұлтқа қосып,
Қызыл жел құйындатып дүрілдетті.
Жан-жақты ың-жың, у-шу дауыс қаптап,
Шапқылап жын-перілер дүбірлетті.
Осылай ойнап, сарнап бақсы жатты,
Қалжырады, қап-қара терге батты.
Сол кезде ат келетін құба жонды,
Түтіндей будақ-будақ бір шаң жапты.
Сол шаңның ортасында бір сексеуіл
Ербеңдеп ойнақ салып келе жатты.
Екі басы жерді ұрып кезек-кезек,
Сабалап қырды жол ғып жаралапты.
Байланған сексеуілге қобыз берік,
Көз ашқанша жиынға келіп қапты.
Сексеуілді қопарып алып келіп,
Қақаман жұбатады ерке қартты.
Қобыз келді, Қойлыбай көзін ашты,
Қалың ел тамашадан тас боп қатты..


Түсінік.


Мағжан Жұмабаев. «Қойлыбайдың қобызы». Аңыз сюжетіне құрылған. Поэма оқиғасының Ш.Уəлихановтың «Тəңірі» мақаласындағы Қойлыбай бақсы туралы мəліметтермен ұқсастығына қарағанда, Мағжан Шоқанның 1904 жылы Петербургте шыққан бір томдық еңбегімен жақсы танысболса керек. Поэма ақынның ақынның 1923 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағына кірген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу