Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  86


Автор: Гүлжайнар Қалдина

Дерті қалың Ай неге?

Дерті қалың Ай неге?
Күлкі қашты күннен де...
Жетіскенді бай деме
Желіккеннен күлгенге...
Кызыл, сары, ақ шарап
Жердің бетін жуып тұр...
Қабырғада қас...қабақ...
Танытады суық түр.
Кежегем де керіліп,
Кері тартып көрпесін...
Кәрілеу мұң...
Өлі үміт...
Өзегімді өртесін...
Арзан ардың сотынан
Тәубеге кім тойынбақ?..
Құл басымның отырам,
Құлпытасын оюлап...
Тәңір көріп тиынды,
Тәуір көріп бергенді...
Еншіме мұң бұйырды
Елу қарыс...
Ең кемді...
Тектілерге – төр үлгі,
Тепкілесең – соры елдің...
...Кеп тіреймін өмірді
Өңешіне Өлеңнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу