Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  77


Автор: Әлия Дәулетбаева

Тереңнен созған тамырын, ғасырдан тартқан желісін...

Тереңнен созған тамырын, ғасырдан тартқан желісін,
Тарихтан асқан қастерлі ақиқат жоқ – ау мен үшін.
Бабалар жортқан боз дала – аяулы алтын құндағым,
Армандай болған азаттық – алғашқы ұлы жеңісім.
Едіге – жырдың найзасын егесте қанша сынадық.
Айқаста құшсақ ат жалын намыстан ғана жыладық.
Көк бөрі текті түркінің көзіндей өткір билікті,
Көкенай менен Майқыдан алып қалғанбыз мұра ғып.
Даланың дана заңында қаны бар қайсар қазақтың,
Талқан ғып теуіп шыққанбыз темір есігін тозақтың.
Тұлпардың тұяқ дүбірін тыңдашы, дархан дүние,
Сұңқардай зият ғұмырым, Азатпын бүгін, Азатпын.
Ақынға құлақ асыңыз, ақтарып жатпай мұрағат,
Айбынды ата заңымда билерден қалған ұлағат.
Қасиеті мен киесін бір ауыз сөзге сыйғызған,
Қазақ боп туған сәтімде-ақ қонған ғой маған сірә, бақ.
Айбынды Ата заңымда абырой күшім, ар құсым,
Ұстыны болып тұр оның ұлтымның ұлы болмысы.
Алтын жіп өрген арқауын бекзада біздің халықтың,
Бергісі менен арғысы, Тәукенің Жеті Жарғысы...
Тамұқта түскен тыртықты тағдырым бүгін ұмыттыр,
Жаураған жүрек болса егер, жылы сөзіңмен жылыт бір.
Өзегі күйген ерлердің өкінішінің өтеуі,
Өзімнің ата жұртымда Өз заңым билік құрып тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу