Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  149


Автор: Ибрагим Иса

Ана шуағы

Уақытыңды алмай босқа ұрлатып,
Жақсы адаммен өмір сүру – бір бақыт.
Қандай жақсы өміріңді өткізсең,
Көңіліңді көкжиекке самғатып.
Ойлы болса, сыйлы болса жолдасың,
Еріп кетер жүректегі қорғасын.
Қадірлейді жарыңыз да, жақын да,
Өзіңіздің қадіріңіз болғасын.
Шабатұғын тұлпарларға дала кең,
Мақтанады ел өзіңіздей Анамен.
Бақыттысыз өмір сүрген Неля апай,
Жарты ғасыр Мүсілімдей ағамен.
Ағайын бар басыңызды бағалар,
Ару Ана – Күн нұрына бара-бар.
Аз емес қой тарихында қазақтың,
Ұрпақтарға үлгі болған Аналар.
Тек жақсылар жалғастырар жақсы ізді,
Сондай жанға бағыштаймыз ақ сөзді.
Жүрегінде махаббат пен мейірім бар,
Бағалаймыз сондай Ана деп Сізді.
Өшпейді әсте жақсылардың жарығы,
Сол жарық қой жүректердің дәруі.
Бұлт ойнатқан жетісулық болдыңыз,
Алтай жақтың асыл туған Аруы.
Мүмкін, біздің жетпей жатар бағамыз,
Жарқыраған алтын адам ағамыз.
Шын алтынды тот баспайды дейді ғой,
Өткен күнге бір бұрылып қараңыз...
Талай бірге өттіңіздер сынақтан,
Келер күннен күттіңіздер шуақ таң.
Қиындықта қол беріп жүр Сіздерге,
Әрқашанда жар болып жүр Жаратқан.
Босамасын шаңырағыңыз шаттықтан,
Сол шаңырақтан балдарыңыз бақ тапқан.
Жолдарыңыз жатсын дәйім ұзарып,
Алдыңыздан атсын дәйім аппақ таң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу