Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  197


Автор: Ерлан Рымбек

Аружанға

Ботақаным, қарағым,
Жарамды менің жазар кім?
Сағыныштың отына
Күйіп-жанып барамын.
Көкешім, қызым, жарығым,
Ішім толған зарлы мұң.
Аяқтан шалып, күлгендей,
Қарайды маған тағдырым.
Құлындай ғана боташым,
Өзіңсіз өтер жоқ асым.
Көңілімнің шыңында,
Еркелеп әлі жортасың.
Кешірші, балам, әкеңді,
Кешірші жалған қатемді.
Ауыз толтырып айтатын
Қандай бақыт әпердім?
Әрбір тәтті қылығың
Ұмытылмас, құлыным.
Қинайды-ау ішті, қинайды-ау
Құртша жеген тірі мұң.
Таң боп атқан арайлым,
Сәулесіне күннің балаймын.
Бақыттың биік шыңынан
Көрсем деп тек қалаймын.
Алдыңда сенің, құлыным,
Шарасыздардың бірімін.
Өзің деп соққан жүрегім
Тоқтамас сірә, мұны ұғын.
Сеземін мұңлы көзіңнен,
Жүрсің ғой әрең төзіммен.
Айналдым, балам, айналдым,
Әке деген сөзіңнен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу