Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  170


Автор: Әбубәкір Қайран

Кенесарының Сарыарқамен қоштасуы немесе Төрт жылдық баян

Сарыарқа, саған шағам енді мұңды,
Қызығым артта қалды кемді күнгі.
Маң далаң маңдайыма сыймаса да,
Кеудеме сыйдырамын кеңдігіңді.
Көретін күн бола ма қайта айналып,
Өзен, көл, қалың тоғай, сеңгіріңді!?
Санамды сансыратты ұла арманым,
Болашақ қандай болар, біле алмадым.
Көбесі тырнағымның сөгілгендей,
Сонда да бір қанағат іле алмадым.
Дариға-ай, түгел өртеп кетер ме едім
Орыстың қаптап кеткен дуандарын!
Қордам мен қонысымды айнала алмай,
Қолымды таршылықтың байлағаны-ай!
Өзіңді дербес қылсам деген оймен,
Он жылдай күресіп ем жанды аямай.
Артымнан соңғы төрт жыл тағы түсті,
Үмітпен ұстаймыз деп әлдеқалай.
Аз ғана шартыма орыс келіспеді,
Аяғым оңға басса – «теріс» деді.
Бауырым, ауылымды қанға бояп,
Дұшпандық әрекеті өрістеді.
Бәйбішем Күнімжанды тұтқын етіп,
Не келсе ойларына – соны істеді.
Өрекпіп, өрттей жайлап айналамды,
Төрт түлік малды түгел айдап алды.
 Ахмет, Арыстандай төрелерді
Айтақтап, төбетіндей пайдаланды.
Баяғы бітімдесу, шарттасу да,
Қып-қызыл өтірік боп, жайға қалды.
Сарыарқа-ай, мен ішімнен егілем ғой,
Алдымда не тұрғанын сезінем ғой!
Кетпесем сені тастап, алыс ауып,
Тындым боп, тым ертерек жеңілем ғой.
Үмітім ақтала ма, ақталмай ма,
Үйсінге аусам деген келіп еді ой.
Кетемін Торғайдан да, Ырғыздан да,
Мойнымды жау артыма бұрғызған ба?!
Үйсінге жетіп алып, әскер жиып,
Сөз салып көрсем деймін қырғызға да.
Қырғыз да мұңдас ел ғой, бауыр ел ғой,
Пейілін сол бұрады, бір бұрғанда!
Сарыарқа-ай, өр төріңде өскен едім,
Көкшенің көк шалғынын кешкен едім.
Жаһанда саған, сірә, жер жетер ме,
Өзіңді енді артыма бөктеремін.
Бауырын саған төсеп жылап жатыр,
Артымнан еремін деп көшкен елің!
О, тәубә! Мен орысқа ұстатпадым,
Қорқауы, қоршауына міз бақпадым.
Кәнігі кәрі қасқыр, сірә, алдырмас,
Шынында, мен де соған ұқсап қалдым.
Әуре етіп, тиіп-қашып соғысумен,
Алдамшы, адастырар із тастадым.
Орыстар қаншама рет қаңғып кетті,
Жететін жерлеріне мәңгіп жетті.
 Қайтейін, әйтсе дағы, амалым не,
Жазықсыз ауылдарды қан ғып кетті!
Аудым да Мұғалжарға Ұлытаудан.
Әлдәрмен жасақтадым әрбір шепті.
Кетерде Мұғалжарға тек кетпедім,
Бурасын дұшпанымның кескектедім.
Ызасы Ахметтің әбден өткен,
Мен соның әскеріне беттеп келдім.
Бір күні тырп еткізбей қоршап алып,
Көрсеттім не екенін өштескеннің!
Сұлтандар сол бір қолға жиылыпты,
Кенені ұстай алмай күйініпті.
«А, құдай, жолымызды қыла көр!» деп,
Боз шалып, аруақтарға сиыныпты.
Ақыры, қырық төрті ажал құшып,
Сол бір күн имандарын үйіріпті!
Сол күні олар тозақ түрін көрді,
Дөп келіп, тырнағыма ілінген-ді.
Сарыарқа-ай, сен куәсің барлығына,
Көтеріп жатырсың ғой бұл іздерді!
Желіңмен жер-дүниеге таратарсың, –
Кімге айтам, саған айтпай шынымды енді?!
Мен үшін Петерборда бас қатыпты,
Николай генералын қақсатыпты.
Патшасы ұлық елдің ұялмастан,
Үш мың сом бір басыма ақша тікті.
Дейді ғой: «Бұратана бір халықтың
Қанішер қарақшысы басқа шықты».
Көрсеттім өздерінің көрсеткенін,
Сол үшін қаншама қан, тер төкпедім.
 Ордамды бір аулаққа тігіп қойдым,
Қалқан ғып Мұғалжардың өркештерін.
Орыстың мекендерін шекте тұрған
Талқандап, малын айдап, өртеп кеттім.
Мен мұны саған айтпан мақтан етіп,
Әр ісім тұрған шығар хаққа жетіп.
Қайратып қылышымды, қайнатты қан,
Дұшпандар өр төсіңді таптап өтіп.
Сен үшін сенделдім ғой, шерлендім ғой,
Отырмын, міне, мұндай шаққа жетіп.
Ресей біраз тізгін тартып көрді,
Сандалмай, дем алуды артық көрді.
Біздегі тұтқындармен алмастырып,
Бәйбішем Күнімжанды қайтып берді.
Елшісі «Қатардағы сұлтан бол» деп,
Назданып, насихатын айтып көрді.
Сұрағам Ырғыз бенен Торғайымды,
Ұлытау, Сарысуды тал-қайыңды.
Есімнен шықпаушы еді Есіл-Нұра,
Төсіне көп тигізген маңдайымды.
Ала алмай соның бірін, қаңғып қалдым,
Сарыарқа, түсіндің бе жағдайымды?!
Енді мен бір өзіңе «Қош! Қош!» деймін,
Көшкен жұрт көздің жасын төкпек деймін.
Дәм жазып қайта оралар күн болар ма,
Кәрі өліп, жас балдырған өспек деймін.
Дариға-ай, даламызға лықсып толсақ,
Өртеңге қаулап шыққан көк шөптейін!
Бетімді Жетісуға бұрдым, міне,
«Алла!» деп ақбоз атқа міндім, міне.
 Сыртымнан әне біреу сұқ қадап тұр,
Артымнан күл шашпақшы көлгір неме!..
Кірпіктен екі-үш тамшы домалады-ау,
Сен бірақ көз жасымды көрдім деме!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу