22.05.2022
  168


Автор: Несіпбек Айтұлы

Шақантай

І
Үн-түнсіз толғанасың, ұлан дала,
Тапсырып тағдырыңды бір Аллаға.
Тұтқандай көк сағымнан көк шымылдық,
Көлбейді көкжиегің мұнарлана.
Сәулесі сан құбылған қас-қағымда,
Сағымның сағыныш бар астарында.
Езіліп етжүрегім шымырлайды,
Бозторғай шырылдаса аспаныңда.
Шұбартау, не көрмедің, не кешпедің,
Сыр бүккен бұйрат-бұйрат белестерің.
Мұң шаққан тау-тасыңа таң бозынан,
Мен де бір бозторғайың емес пе едім!
Сайраған жыршы құсың тілі балдай,
Өзіңді жырлап өтер тыным алмай.
Бұл күнде өз басымен әркім әлек,
Айтқанмен жай-күйіңді кім ұғардай?
Байқасам қасіретің қатпар-қатпар,
Тасындай Баршатастың жақпар-жақпар.
Бір кезде шалғыныңды шалқи басып,
Төсіңде сайрандапты жат қалмақтар.
Күн туған ел басына ол заманда,
Боларын бүгін бұлай болжаған ба!?
Ұшқан құс, жүгірген аң құлақ түрген,
Қазағым «Елім-айлап!» зарлағанда.
Туғандар шілдей тозып бір анадан,
Жапанда жан қалмаған жыламаған.
Айырылып атамекен қонысынан,
Күңіреніп халық көшкен бұл арадан.
Жарамас қасіретті айта берген,
Тұра ма батыр тумай байтақ елден.
Сан көшіп бұл өңірден қалың қазақ,
Сан рет жауын жеңіп қайта келген.
Өшкенше жау қарасы төңіректен,
Осылай айқаспенен өмір өткен.
Дариға, қайта оралмас сол батырлар,
«Өгіздей адырнасын мөңіреткен?!»
Аттарын ауызға алсам төкпелетіп,
Биіктер төбем демде көкке жетіп.
Қайтемін бөліп-жарып бабаларды,
Алармын аруақтарын өкпелетіп.
Шақантай – сондай асыл ердің бірі,
Не болар ер болмаса елдің күні?!
Байлықтан батырлықтың жөні бөлек,
Емес пе дүние, шіркін, қолдың кірі.
Анадан болса ұл боп туғаны шын,
Аяққа бастырады кім намысын?
Түбінде жақсылық па, жамандық па,
Алдыңнан шықпай қалмас қылған ісің.
Тектіден туған жігіт тек жата ма,
Емес пе елге қорған, елге пана!
Кезеңде қиын-қыстау, екі талай,
Шықпай ма қолды бастап кер жотаға?!
Жұлдыздай жарқыраған жанып өткен,
Керейде батыр аспас Жәнібектен.
Ұсынып хан Абылай оң тізесін,
Өзіне өле-өлгенше серік еткен.
Атанған ер Жәнібек жасынан-ақ,
Жан екен ерте қонған басына бақ.
Шежіре Сарыүйсіннің қызы дейді,
Керейдің ұлы анасы асыл Абақ.
Абақтың пұшпағынан бала тарап,
Он екі ұл атаныпты – он екі Абақ.
Ұрпағы ұран салған батыр бопты,
Шетінен найза ұстаған қара тамақ.
Жастабан – он екінің бір бұтағы,
Енші алған өзге түгіл құл-құтаны.
Есігін жарық дүние ашқан жанды,
Әр жерге тірлік қамы сырғытады.
Қорғаны Жастабанның би Жобалай,
Көреген әрі шешен, ақылға бай.
Бөлініп он екі Абақ аталастан,
Көшіпті бір себеппен әлде қалай.
Керейдің қорлығы жоқ жаттан көрген,
Тәңірі тілегенін ақтан берген.
Екі жүз үйді бастап би Жобалай,
Арқаға Алтай, Сауыр жақтан келген.
«Қой болар, қарамаңдар, қозы болар,
Айналып келер жылы өзі болар», -
Деп айтқан бір бітімде Жобалайдың,
Артына аңыз болған сөзі де бар.
Кемеңгер Байқотан би, ер Шақантай,
Серігі қасындағы болды оған сай.
Ортадан Арғын-Найман орын беріп,
Аз керей Бақанастан тауыпты жай.
Үзілмес кіндік тартып осы жерден,
Ұрпағы Жастабанның өсіп-өнген.
Басынан қилы-қилы күндер кешіп,
Заманның көппен бірге көшіне ерген.
Жақсымен алыс-жақын жолдас болған,
Жобалай, Байқотан би ел басқарған.
Ізденіп келген жаудың талайлары,
Қолынан Шақантайдың жер жастанған.
Болыпты жаудан қайтпас ер Шақантай,
Асыпты Алтай, Сауыр, Тарбағатай.
Жасында қарғып мінсе жолбарыстай,
Әп-сәтте жуасыпты тулаған тай.
Қашанда күш атасын таныған ба,
Батыр да, болған екен балуан да.
Ешкім кеп ел шетіне басынбапты,
Шақаңның кеудесінде жаны барда!
Алтайдың биігіндей қыран қонған,
Шақантай ұрпағына ұран болған.
Бір мінез көрсетпесе кішкентайдан,
Баланың болашағын кім аңғарған?!
ІІ
Кеңітпей тар тұсауын келте жалған,
Шақантай ата-анадан ерте қалған.
Жалтаң көз жетімдіктен жапа шегіп,
Өксіген аш өзегін өртеді арман.
Жетімнің таңы қашан күліп атты,
Жанына жалғыздықтың мұңы батты.
Әкеден қалған малға ауыз салды,
Тас бауыр ағайыны діні қатты.
Қап-қара сырты менен іші бірдей,
Кісінің тұрмас сырын кісі білмей...
Азуы алты қарыс айналасы,
Көкжалдың жұлмалады күшігіндей.
Шақантай бірақ оған жасымады,
Өжетті кім қашанғы басынады?
Сенері, сүйенері – екі әпкесі,
Үшеуі бірін-бірі асырады.
Талапсыз берген Тәңір бақты кімге,
Қанатын үш балапан қақты бірге.
Ер жігіт ерте түсер ел көзіне,
Жата ма асыл пышақ қап түбінде?
Талпынып Жауқашардың жас түлегі,
Атағы айналаға естіледі.
Алдына шапса қара салмайтұғын,
Бар еді егіз туған қос күреңі!
Қоздырар көріп тұрса делебені,
Бітімі күреңдердің бөлек еді.
Шақантай тізгін қағып, тақым қысса,
Жұлдыздай зулап ағып жөнеледі.
Ағасы Матақ батыр немерелес,
«Жетімге тізем батты-ау» демеген еш.
Қадалып қос күреңге көзі түсті,
Байқаса, бермесіне көнер емес.
Не десін дойыр мінез ағасына,
Жараспас жармасқанмен жағасына.
Бетіне қарсы келіп, қолы тисе,
Қалмай ма дос-дұшпанның табасына?
Матақ та көзін күнде алайтады,
«Аттарды бермейсің бе?» деп айтады.
Қос күрең – қос қанаты емес пе еді,
Қанатын қиып берсін қалай тағы?
Пендеге біткен әдет бұл баяғы,
Жуанның жұдырығы кімді аяды?
Бермесе сұрағанын, ерегестің
Жаулыққа жалғасарын білді аяғы.
Қадірін біле бермес иліккеннің,
Бүйірден сұрқы жаман киліккеннің.
Бір қауіп ойлады да алдын-ала,
Жіберді тілін буып жүйріктердің.
Жылқының тілін буып қара қылмен,
Үйренген жаратуды бала күннен.
Жалғанда атбегінің арманы жоқ,
Зар күйін хас жүйріктің таба білген.
Қос күрең тілін буған жайыла алмай,
Су ішіп, емін-еркін тойына алмай,
Жарады оқтаудай боп өздігінен,
Ер салмай, мінбей-түспей, терін алмай.
Қожақұл нағашысы тамыр жайған,
Ішінде Қаракерей қалың Найман.
Бір түнде қос күреңмен тартып кетті,
Таяныш таппақ болып Қабанбайдан.
Қос тұлпар бірде желіп, бірде шауып,
Сүзеді ауыздықты ауық-ауық.
Қолтығы қозған сайын көсіледі,
Тостаған болат тұяқ жерді қауып.
Жортады төте тартып, жер қуалап,
Ызалы көк бөрідей қандыбалақ.
Күреңі жетектегі ырық бермей,
Ұйтқиды құйындатып алдын орап.
Жас батыр бұлқынады жаңа шыққан,
Жолаушы барар жерге ол асыққан.
Қиырда қолын бұлғап кейін қалды,
Жетімдік жас тамызған қарашықтан.
Ол кезде Найман жұрты Сарыарқада,
Дариға, Сарыарқадан жер арта ма!
Ілініп жорта-жорта ел шетіне,
Бір үйге келіп түсті қоналқаға.
Қызарып кешкі бұлттар арыстан жал,
Күн бата қайтқан мезгіл өрістен мал.
Маңайға маңғаз қарап тұр екен бір,
Алдында ақ боз үйдің ақсақал шал.
Деп жатты дабырласып «біреу келді»,
Алдымен шалға барып сәлем берді.
«Емес-ау тегін адам» деп ойлады,
Қария көзбен шолып күреңдерді.
Ақсақал қырау жапқан қас-қабақты,
Үйіне бастап кірді жас қонақты.
Шөл басып, малға бата жасалғанша,
Үйіріліп қараңғылық, кеш те батты:
- Шырағым, келіс қай жақ, барыс қай жақ? –
Қария жөн сұрады алысты ойлап.
Шақантай шынын айтты, жасырмады,
Қазандай кеудесінде намыс қайнап.
- Қиырдан көрінеді тау жотасы,
Ер Керей Жастабанның арғы атасы.
Сен болсаң Жауғашардан қалған тұяқ,
Найманның мен боламын Нарботасы!
Тұрғанда ұл тумай ма ер тұғырда,
Тараймыз Сүйіндіктен Төртуылда.
Түбіміз тамыр жайған – Төлегетай,
Сүйегі Сырда қалған жортуылда.
Қазақпыз көшіп-қонған талай жерге,
Келіппіз Сырдан ауып Ерейменге.
Іргеңнен бөрі шулап, ит ұлиды,
Анталап аңдыған жау көбейгенде.
Қария кең маңдайлы, ойлы көзді,
Айтты да бір тоқтады осы сөзді.
Ақырын бәйбішеге иек қағып,
Ілулі домбыраға қолын созды.
Қолына ұстады да домбыраны,
Келтіріп құлақ күйін сәл бұрады.
Жіберді қос ішекті қағып-қағып,
Қомданып екі иығын алды-дағы.
Домбыра сөйлеп кетті жұмсақ үнді,
Болар ма күйдің тілі мұнша мұңды.
Күрсінді қарияның көкірегі,
Сақтаған зердесінде мың сарынды.
Он саусақ перне бойлап безектеді,
Дәл басып өкінішті өзектегі.
Толқыды Шақантай да жанын ұғып,
Күйшінің осынау бір мезеттегі.
Тербетіп тыңдағанның жан-жүрегін,
Домбыра барып-барып алды демін.
Қонаққа мойын бұрып отағасы,
Жалғады жібін қайта әңгіменің:
- Ел-жұрты Қожақұлдың есен-аман,
Ауылы қашық емес осы арадан.
Атадан ер боп туған Қабанбайдың
Жиені бола қоймас осал адам!?
Деді де мұртын сипап шал жымиды,
Қабанбай аты шықса жан жылиды.
Шақантай елең етті мына сөзге,
Отырған ұмыта алмай әлгі күйді.
- Мекені – нағашымның Есіл маңы,
Әкемнің айтқан сөзі есімде әлі.
Атақты Ақтанберді жырын талай
Тыңдапты Қабанбайдың қасындағы.
Найманның Ақтанберді ақтанкері,
Қазылып қалатұғын шапқан жері.
Берейін бір-екі ауыз жырын толғап,
Жатталған көкейімде көптен бері.
Саңқ етіп, деді қария: «Бәркелді,
Аумапсың, танушы едім мен әкеңді!».
Шақантай әдеппенен қол созғанда,
Бәйбіше домбыраны және әперді:
Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз.
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер ме екеміз!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз,
Сауыт киер ме екеміз!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мінер ме екеміз!
Сол шұбарды мінген күн,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ме екеміз!
Тобыршықты әндіген
Толтыра тартар ма екеміз!
Тобылғы түбі құралай,
Бытыратып атар ма екеміз.
Жарлауға біткен жапырақ,
Жамылсақ тоңар ма екеміз!
Жазыққа біткен бүлдірген,
Сұғынсақ тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екеміз!
Ел жазылып жайлауда,
Жақсылар кеңес құрғанда,
Мұртымыз көкке шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екеміз!
Асау жыр таудан тасқын құлағандай,
Ерлігін ер жігіттің сынағандай.
Нарбота дүр сілкінді, көз алдынан
Жарқылдап қалың жасақ шұбағандай.
Отырды көңілі толып жас жігітке,
Қиялы құлаш ұрып жақсы үмітке.
Саумалап ақсақалын күлімдеді,
Ұқсаған үлпілдеген ақ түбітке.
Қайтадан әңгімені ол бастады,
Айтылмай іштегі сөз қалмас тағы:
- Екен ғой – деп күрсінді, - Ақтанберді,
Жыраудың жүзі қайтпас алдаспаны!
Қарағым, домаласын өрге тасың,
Найманның ұмытпай жүр Нарботасын.
Ал, кәне, қолыңды жай, мен берейін,
Атаның ақ тілекті оң батасын.
Шақантай қолын жайып жүреледі,
Осы еді бір Алладан тілегені:
- Жортқанда жолың болсын, жас жолаушы,
Қырандай қанаттанып түле! – деді.
Бол, - деді, - Қабанбайдай елге қорған,
Намыстың алтын туын берме қолдан.
Көргеннің көзі тойсын ауылыңа,
Қаз-қатар аққу-қаздай көлге қонған.
Ұрпағың ұрық шашып өсіп-өнсін,
Бақ-дәулет қойшыңның да қосына енсін.
Жарқырап ай маңдайың топ алдында,
Үйіріліп игі жақсы қасыңа ерсін!
Ауғанша дидарласты түн жарымы,
Артпай ма тыңдай берсе жыр қадірі!
Жүректі нұрға бөлер мұндай сәтке,
Жолығар жолаушының мың да бірі.
Тәңірі тірлік берген жайнасын деп,
Қызығын бұл жалғанның тойласын деп.
Қоштасып ертесінде Нарботамен,
Жөнелді Есіл-Нұра қайдасың деп!
Зулады кезек мініп қос күреңді,
Жолына бөгет болмас ешкім енді.
Нұраның жағасында ер Қабанбай
Отыр деп Нарботадан естіген-ді.
Қабанбай батырлықтың асқар белі,
Жоқ одан ешбір жанның асқан жері.
Жатыр деп Нарботадан және естіген,
Дәулетбай әкесіне ас бергелі.
Шақантай шапқан сайын жолды үдетіп,
Нұраға ара қонып келді жетіп.
Ас беріп жатыр келсе қалың Найман,
Бәйгенің туын тігіп желбіретіп.
Тігілген қалың үйден шағаладай,
Жайнап тұр Нұра бойы самаладай.
Жан-жақтан құйылған жұрт құжынайды,
Тәттіге үймелеген бал арадай.
Бас болып хан Абылай, ер Қабанбай,
Жиналған жақсы-жайсаң елде қалмай.
Келмеген – тоқсан асқан Нарбота қарт,
Қанатын кәрі қыран қомдай алмай.
Ақорда ханға тіккен асқақтайды,
Күзетші босағада қас қақпайды.
Қолында ас тізгіні жақсылардың,
Мұнайда жаман-жәутік ес қатпайды.
Жігіттер су төгілген мінген жорға,
Тебінсе теңселеді оң мен солға.
Ағындап жосылады үйден үйге,
Табақты зырылдатып қолдан қолға.
Күрпілдеп сары қымыз саба-саба,
Қосады өз қызуын тамашаға.
Дүркіреп, дүбірлеген думан-қызық,
Көз салып қай жағына қараса да.
Әр үйге жеке түскен ел ағасы,
Тартылған жөн-жобамен сыбағасы.
Бұл аста Шақантайдан басқа жан жоқ,
Сопайып жалғыз жүрген қара басы.
Ешкім жоқ келдің-кеттің деген бұған,
Алып жүр өзек жалғап одан-бұдан.
Біреулер күдіктене қарайтындай,
Қарақшы емес пе деп жол аңдыған.
Төбеде атойлайды бәйге алаңы,
Жар салып жүйріктерді айдағалы.
«Мен неге қос күреңді қоспаймын?» деп,
Шақантай сол арада ойланады.
Кедейдің жаны жомарт, көңілі бай,
Жалғыздың жеке жүрген жары құдай.
Желтақым екі бала тауып алып,
Мінгізіп қос күреңге деді былай:
- Жәрдемші жетім-жесір, кембағалға,
Жаратқан жарылқайды қолдағанда.
Өтіңдер «Шақантайлап!» ұран салып,
Аттарың оза қалса алда-жалда.
Сәйгүлік мың қаралы жел қанатты,
Желгенде тұяғынан шаң боратты.
Алдында айдаушының топ ішінде,
Ойнақтап қос күрең де бара жатты.
ІІІ
Ат кетті, ас қызығы жалғасуда,
Күн ыстық, қымызбен жұрт шөл басуда.
Секілді бала бүркіт тұғырдағы,
Шақантай жалғыз отыр дөң басында.
Жалғызды деп ойлайды кім аңдамақ,
Бәйгеден аты келсе ұрандамақ.
Түлкінің күшігіне түсетіндей,
Түйіліп, түксиеді қыран қабақ.
Сездіріп ішінде бір ашу барын,
Жанары жалтылдайды шашып жалын.
Жақсылық нышанына жорып отыр,
Бәйгеге қос күреңнің қосылғанын.
Тіреліп қос күреңге арман-үміт,
Аллаға сиынады жалбарынып.
Кім білсін, бағы жанып, аты келсе,
Алдынан жол ашылар қақ жарылып.
Бұл астың кім жоқ дейсің ортасында,
Мәйегі сары майдың тортасында.
Жақсылар теңселеді балпаң басып,
Байлық пен батырлықтың арқасында.
Қаптаған қарасы бар, төресі бар,
Әркімнің шығатын өз төбесі бар.
Бәйгеге тулақ емес тұлпар қосқан,
Олжадан бәрінің де дәмесі бар.
Таянды ат келетін мезгіл-дағы,
Тігілді солай қарай көздің бәрі.
Дүрлікті жиналған жұрт дөң басында,
Жүйрік боп барлығының сөз қылғаны.
Таусылып тұрған шақта ел шыдамы,
Бұрқ етіп, будақ-будақ шаң шұбады.
Біреулер «Әне, келе жатыр!» десті,
Шошайып қолындағы қамшылары.
Табаны қызған сайын шабатұғын,
Түрі жоқ тұлпарлардың талатұғын.
Қос күрең қосауыздың оғындай боп,
Атылып алға шыққан болатұғын.
Суырылып шыққан бір топ шүу дегенде,
Зулаған бір белеңнен-бір белеңге.
Ашылып тыныстары сала берген,
Жел тұрып ағынынан гулегенде.
Шұбатып қалың топты артындағы,
Таласып, қатарласып қарқындады.
Малынып ақ көбікке құйысқаны,
Серпіле созылғанда сартылдады.
Саңлақтар сан бәйгеде дара келген,
Жүйткиді құстай ұшып қара жермен.
Қос күрең ұмтылғанда алға қарай,
Шетінен бір ышқынып қала берген.
Рас-ау, жүйрік деген жылқы желден,
Шалынды қос күреңнің қылпы белден.
Оқ бойы келе жатыр жануарлар,
Тазыдай бүктетіліп түлкі көрген.
Қарасын қос күреңнің енді аңғарып,
Еріксіз тынып қалды ел дағдарып.
Екенін кімнің аты біле алмай тұр,
Жын ба әлде келе жатқан елбең қағып?
Сақпының тасындай боп дөңгелене,
Шықпасын жүйрік, шіркін, дөңге неге!?
Көзді ашып-жұмғанынша екі күрең,
Ағындап жетіп келді көмбеге де!
Бәйгеден келді деген аты қана,
Қызғандай екпіндейді еті жаңа.
«Шақантай!», «Шақантай!» деп ұран салып,
Шырылдап өте шықты екі бала.
«Тәңірі, тілегімді бердің бе! - деп,
Қара үзіп, қос күреңім, келдің бе!» - деп.
Шақантай орынынан түрегелді,
Жатқанын естіген жоқ елдің не деп.
ІҮ
Шақырды атқа шапқан бала кімді?
Біле алмай Шақантайды ел аңырды.
Иесін қос күреңнің сұрастырды,
Қақ жарған төрешілер қара қылды.
Бәйгеден аты келген тілегі боп,
Кім білсін жетім бе әлде тірегі жоқ?
Сұрады атқа шапқан балалардан:
«Иесі жүйріктердің кім еді?» деп.
Балалар көз жеткізіп аныққа енді,
Жетелеп Шақантайға алып келді.
Қараса он бестегі бозбала екен,
Иесін күреңдердің халық көрді.
- «Шақантай!» қандай елдің ұраны? - деп,
Өзінен Шақантайдың сұрады кеп.
- Шақантай мен едім, - деп, - жауап берді, -
Бұл аста түскен үйі – тұрағы жоқ!
Қалың ел одан сайын гуілдесті:
«Қаршадай болып алып, бұ кім?» десті.
Керейлер Шақантайдың жөнін біліп,
Қуанып іштерінен күлімдесті.
Жас бала жарқылдады топты жарып,
Жүлдесін алғанына бек қуанып.
«Шақантай Қожақұлдың жиені екен»,
Деген сөз Қабанбайға жетті барып.
Батыр боп бекер адам жарала ма?
Шақыртты Шақантайды сол арада.
Иіліп Қабанбайға сәлем берді,
Иықты, қыран қабақ қара бала.
Ай маңдай құлынындай боз биенің,
Қабанбай тани кетті өз жиенін.
Балаға оң жағынан орын беріп,
Ағытты ұлы батыр сөз тиегін.
Сүйетін туған ұлын шын аймалап,
Ел қамын ер болмаса кім ойламақ?!
Қабанбай көз қиығын тастап қойып,
Отырды Шақантайға сынай қарап.
Тұрпаты танылып тұр ер боп туған,
Ерке емес дыр-думанды ермек қылған.
Ұнады Қабанбайға мына бала,
Қайраты тұла бойын кернеп тұрған.
Көңілге қуаныштың қонды қазы,
Өмірдің жарқырамақ енді жазы.
Бар болған оқиғаны естіп-біліп,
Қабанбай Шақантайға болды разы:
- Білмеймін, құбылады заман қалай,
Емес қой өмір сүру адамға оңай.
Бол, - деді, -бұдан былай өз қасымда,
Артыңа, атыңа да алаңдамай!
«Қабанбай Шақантайға нағашы екен,
Бірі - жең, бірі – тонның жағасы екен.
Бәйгеден екі бірдей аты келген,
Керейдің шынашақтай баласы екен!».
Дегенді естігенде ер Жәнібек,
Отырды бармақ тістеп, сәлге жүдеп.
Матаққа қатты ренжіп, назаланып:
«Болдық-ау, - деді, - жұрттай қорғаны жоқ?».
Керейдің қуана алмай жеңісіне,
Сыймады ашуланып терісіне.
Ержүрек жас баланың тапқырлығы
Аңыз боп кете барды ел ішіне...
Ү
Алса да ит тіршілік балағынан,
Жігіттің қар жаумады қабағынан.
Қасында Қабанбайдың жас Шақантай,
Түледі секілді боп бала қыран.
Батырлар елін қорғап аласұрған,
Тұлпарын белдеуінде таң асырған.
Ол заман біздің қазақ соғыс салып,
Алтайдан ата жауын ары асырған.
Соғысқа талай ерлер қатысыпты,
Қалмақпен шабысыпты, атысыпты.
Айқаста жолбарыстай жауын жайпап,
Жас батыр Шақантайдың аты шықты.
Шақантай тұлғаланып толған екен,
Қасында Қабанбайдың болған екен.
Әкесі тірі кезде Наймандағы,
Айттырған қалыңдығын алған екен.
Бұл өзі таусылмайтын әңгіме еді,
Сан-саққа жүгіртеді әркім оны.
Найманның бір байының сұлу қызы -
Жаңылды айттырғанын ел біледі.
Әлгі бай мың құбылып қызыл желдей,
Арқауы құдалықтың үзілгендей.
Жауғашар өлгеннен соң жетімсініп,
Жүріпті Шақантайға қызын бермей.
Қабанбай кісі салды әлгі байға,
Жалтарып, құтылады енді қайда?
- Ақ бата жасасқаны рас болса,
Жаңылды ұзатсын, - деп, - ендігі айда!
Шет болды серттен тайып аруаққа,
Шақантай қайдан шықты, танымап па?
Жаңылдың жасауына қосып және
Мінгізсін жеті қызды шаңыраққа!
Ақылы айласымен көмкерілген,
Байлардың әдеті ғой ерте күннен.
Сәлемін Қабанбайдың ести сала,
Әп-сәтте аударылып-төңкерілген.
Жан тәтті, түскеннен соң жарлық қатты,
Қабанбай сараң байды жорғалатты.
Жасауы Жаңыл қыздың түгелденіп,
Той өтті дүркіреген салтанатты.
Бай құда жөнге келіп екі жүзді,
Шығарды жомарттықпен атын ізгі.
Айтқанын Қабанбайдың екі қылмай,
Мінгізді шаңыраққа жеті қызды.
Шақантай шықты ойлаған кезеңіне,
Өрт түсті кейбіреудің өзегіне.
Қабанбай ақ батасын берді-дағы,
Жиенін аттандырды өз еліне.
ҮІ
Шын батыр тұра ала ма елім демей,
Елінің ертелі-кеш қамын жемей.
«Шақантай келе жатыр!» дегенді естіп,
Қарсы алды қаптай шығып қалың Керей.
Көл қылып шаттықпенен көңілдерін,
Түсірді оң аяқпен келіндерін.
Қуанып арқа-жарқа Матақ батыр,
Ініден мойындады жеңілгенін.
Деп Матақ той жасады: «Інім келді!»,
Қадірі туыстықтың білінді енді.
Риза боп Шақантай да ағасына,
Әйгілі қос күреңнің бірін берді.
Мерейі Шақантайдың аспандады,
Даңқына сүйінбеген дос қалмады.
Әйелдің кемеңгері Жаңыл болды,
Тәңірдің өзі таңдап қосқан жары.
Адам аз бұл өмірге еркелеген,
Талайды тағдыр, шіркін, желкелеген.
Біріне шаңырақтың мініп келген,
Бар еді ақылды қыз Еңке деген.
Әйелдің барлығынан асты Жаңыл,
Бақытын Шақантайдың ашты Жаңыл.
«Жалғызсың, көбеймесең болмайды!» деп,
Еңкені өз қолымен қосты Жаңыл!
Жаңылдың ерлігі тек ол емес-ті,
Артынан алты қызды және қосты.
Алғаны көп болмаса осылайша,
Ұрпағы Шақантайдың неден өсті?!
Түсіріп ықыласын Тәңір оған,
Қосыпты сұлуларды Жаңыл оған!
Соңынан бес әйелді тағы әперіп,
Бұтағы қаулап өсіп жамыраған!
Шақантай әрі шешен, әрі батыр,
Тарихын қуа берсең ары жатыр.
Тараған сонау он үш әйелінен,
Бұл күнде қарақұрым халық отыр.
Талайдан Шақантайдың ерлігі асқан,
Тағдырдың сан талқысын көрді жастан.
Бірлік пен берекенің діңгегі боп,
Жан екен ел үстіне елді қосқан!
Батыр боп атана ма тегін кісі,
Кеппеген жортуылдан тебінгісі.
Ақырған арыстандай талай-талай,
Алыптан басым түскен оның күші.
Құдайым сәтін ылғи келтіріпті,
Оңынан Шақантайдың жел тұрыпты.
Бойында Аягөздің жекпе-жекте,
Қалмақтың қара дәуін өлтіріпті.
Босамас жаудан жерің жаннан күспей,
Кешегі өткен өмір көрген түстей.
Көк найза, қара шоқпар заманында,
Өтіпті ат үтінде ерден түспей.
Таба алмас жоғалтқанын із көрмеген,
Дариға, сұмдық бар ма біз көрмеген!
Ерлігі Шақантайдың таусылмайды,
Моншақтай мөлдіретіп тізгенменен...
Бүгінге аңыз оның батырлығы,
Ізінде ғасырлардың жатыр мұңы.
Аруағын осындайда қозғамасақ,
Қазақтың кімге керек ақындығы!?.
ҮІІ
Жорықта жолда қалмас жүгі нардың,
Рухы мәңгі сөнбес ұлылардың.
Ұрпағың ұмытпайды, ер Шақантай,
Аузында атың жүрер тілі бардың.
Шұбартау, Шұбартау боп жаралғалы,
Керей кеп бұл арадан жер алғалы,
Көрмепті жел жағыңа ешкім шығып,
Анаңның сені тапқан жоқ арманы!
Өткерді қазақ қанша зіл-заланы,
Шұбартау қалай одан құр қалады?
Жобалай, Байқотан боп, Шақантай боп,
Жатырсың қорғап-қоршап бұл даланы!
Бостандық баянды боп осы келген,
Тұқымың азаймасын өсіп-өнген.
Шұбартау топырағында мәңгі өшпейді,
Қалған із Өзіңіздей асыл ерден!
Елім деп қабырғасы қайысатын,
Жоқ бүгін Төлеу менен Уәйіс ақын.
Солардың жұртындағы біздер бармыз,
Сескенбей топқа түсіп сайысатын.
Жетеді Шұбартаудан шыққан ұлдар,
Әйгілі Еркеғали, Мұхтарың бар.
Бекен мен Мыңбай, Төлек, Жанұзақтар –
Жартасты жарып өскен түп-тамырлар!
Жұртыңды, ұрпағыңды қолда, баба,
Жар болып жабырқаған кең далаңа!
Тимесе аруағыңның шарапаты,
Дертіне Шұбартаудың ем қона ма?
Қолдасаң, кем-кетігім толады әлі,
Өріске малым сыймай қорадағы.
Жыртылған жолым қайта жамалады,
Жүдеген елім қайта оңалады.
Желбіреп жас келіннің орамалы,
Өмірге талай ұрпақ келеді әлі.
«Шақантай!», «Шақантай!» деп шауып өткен,
Бәйгеден көрсем деймін со баланы!
Ақындар бүгін терең ой кешуде,
Қызыл тіл қызған сайын сөйлесін де.
«Шақантай!», «Шақантай!» деп мен де келсем,
Арман жоқ жырдың ұлы Бәйгесінде!
«Шақантай!», «Шақантай!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу