Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  105


Автор: Сəбит Бексейіт

Алпауыт алып сатарлар

Ертелі-кеш базарда барын сатар,
қанар қабын арқалап алыпсатар.
Ит тірлігін олардың көрген Күн де
ұясына жалығып талып батар.
Мейлі, сатсын, сол болса – күнкөрісі.
жылжып кетсе жақсы ғой ілгері ісі.
Қорқатыным – алпауыт, шоң саудагер –
Алып Сатар қалыңдау тым терісі.
Жай саудагер біреуден алып сатар,
шақ сауда сол – ет сатар, балық сатар.
Алып Сатар саудасы – Ірі бизнес,
ойланбастан, керексе, Халық сатар.
Селт етпестен сатты олар Тіл мен Ділді,
зообаққа сатқандай піл мен зілді.
Әттең, қолы қысқалау, көңілшек деп
сатар еді көктегі күлген Күнді.
Сатқан кеше сынақтар полигонын,
ойламастан ағайын көші-қонын.
Зар илеген қалың ел отыр бүгін,
болжай алмай ертеңін, оңы-солын.
Сатқан кеше ғарыштың айлағын да,
желбіретіп Ресейдің байрағын да.
Арман болды аспанға алақтамай,
алаңдамай күн кешу байтағымда.
Қаруды да сатты олар, ұшақты да,
ата мұра – алдаспан, пышақты да.
Аруды да арсыздар сатқан талай,
қиып сонша ып-ыстық құшақты да.
Құрышты да сатты олар, металды да,
елге тимей пайдасы, бет алдына.
Талай состав жөнеді қияндарға,
қуып оны кеденшің жете алды ма?
Ұртын майлап сатты олар уранды да,
ұмытып қап антты да, ұранды да.
Не аллаға сенбейді, не аруаққа,
пайда түссе сатады ’’Құранды’’ да.
Ұнайды екен бұларға ’’Фунай’’ мына,
міз бақпастан сатты олар мұнайды да.
Әттең, күшке ие емес құдыретті,
сатар еді ұстап ап Құдайды да.
Ел байлығы деп бірде қиналды ма,
алтынды да сатты олар, титанды да.
Тау да оларға түк емес, теңіз, көл де,
сахра түгіл, сатады жиһанды да!
Ақ маржанды сатты олар, ақ бидайды,
тер қинамас диқанды, бап қинайды.
Құмға сіңген судай боп есіл байлық
рәсуә боп, байлар ма бақ-талайды?
Мақта бұлдап сатам деп сатты Аралды,
Мырзашөлді сатты олар, Мақтааралды.
Терістік пен түстікте, шығыста да
көп жеріңді ың-шыңсыз жаттар алды.
Алып Сатар сатады анасын да,
жан-жарын да, керексе баласын да.
Қорықпайды құдайдан, сатар бір күн
ата-баба көзіндей даласын да.
Ар-ұяты, иманы жоқ жанында,
азаматтық намысы жоқ қанында,
Жерін сатқан бұл қулар күні ертеңдер
сатқын болып,
сатады Отанын да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу