Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  104


Автор: Сəбит Бексейіт

Тыныштық

Мол шуағын төгiп тұрса Күн ыстық,
Бәрi де ыстық:
Қызға берген гүл ыстық,
Сарғайтса да
Сағындырған үн ыстық,
Тәттi ұйқыға
Кенелдiрген түн ыстық,
Шаттық түгiл,
Егiлдiрген мұң ыстық.
Мың ыстықтың жалғасатын осылай,
Бiр-ақ аты – Тыныштық.
Тымық кеште екi ғашық ұғысты,
Оның аты – Тыныштық.
Кемпiр-шалдар қауқылдасып күлiстi,
Оның аты – Тыныштық.
Екi көршi құда болып туысты,
Оның аты – Тыныштық.
Тоқтатыпты жау әскерi ұрысты,
Оның аты – Тыныштық.
Керiскенмен қол алысып келiссем,
Оның аты – Тыныштық.
Қуанышты достарыммен бөлiссем,
Оның аты – Тыныштық.
Жекжатыммен көп жыл өтiп көрiссем,
Оның аты – Тыныштық.
Төрт түлiгiм шәйләп қайтса өрiстен,
Оның аты – Тыныштық.
Мен iңкәр боп сүйген сол бiр аққұба
Қыздың да аты – Тыныштық…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу