Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  92


Автор: Динара Мәлік

Өз денем теріме симаған...

Өз денем теріме симаған,
Құдірет әлде, сорым ба?
Алланың өзі сыйлаған,
Аманаты бар қолымда.
Алтын күннен арайды,
Аппақ жаным іздейді.
Сағынышты тонайды,
Қара түннің көздері.
Шаштарым да күбірлеп,
Жыр тілінде сөйлейді.
Аймаласа бүгін кеп,
Айналамыз гүлдейді...
Ай нұрынан құлайын,
Самал болып үп етсең.
Жауып барып тынайын,
Теңізіңе түнетсең.
Бұлттар көшсе күркіреп,
Дала шошып даусымнан.
Найзағайдай сілкіп өт,
Төмен түсіп тау-шыңнан!
Түн сыбырын естісем,
Күрмелемін күлкісіз.
Не істе дейсің енді сен,
Сағынышым сенгісіз?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу