Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  83


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Ей, пері қыз...

Ей, пері қыз,
Ойнақ салған төбемде,
Енді бір сәт
Көзіңді сал төменге!
Елесіңмен есімді алып болдың-ау,
Өзегімді айналдырып өлеңге.
Қасіретім қабырғамды ұрғасын,
Ажал қолын
Сүйгісі кеп тұр басым.
Ал, сен болсаң
Сақ-сақ күліп әредік,
Сезімімнің саудалайсың сырғасын.
Қосақтаған
Тағдыр атты жеңгені,
Сен де түсін
Мына мендей пендені!
Арманымды арзан көрсең,
Арымды
Ширек ғасыр шимайлаймын ең кемі.
Күміс қанат қиялымды ұрлаған
Бөтен емес бәлендейін
Мұң маған.
Мен де талай жүрегімді пәршалап,
Сайтан алғыр
Сайқалдарды жырлағам.
Енді бүгін елес болмай көп елге,
Ей, пері қыз,
Қолыңды соз төменге.
Мен бақытқа кенелейін...
Әйтпесе
Бір тамшы жас табылады менен де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу