Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  92


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Мен бүгін түрімнен түршігіп...

Мен бүгін түрімнен түршігіп,
Үздігіп үзілген құс үнге
Жүргенше...
Бәріне қырсығып
Айналып кетсем бе мүсінге?!
Жанымды талдырмай әз үміт,
Адами арманнан ада боп
Маңдайға тас болу жазылып,
Аспанға аңырып қаракөк
Тұрар ем.
Бүлініп бір әлем,
Біреуі тіріліп жатса да.
Басымды қатырмай мұра мен
Қоғамға...
Және де патшаға!
Мезі етпей дерті де, дауы да,
Мезі етпей жаңалық...
Жарнама!
Жан болмай қарайтын жауыға,
Саябыр табар ем сәл ғана.
Қиял не,
Жоғалтып сезімді
Бір жұмбақ өмірді бастар ем:
Сабырлы,
Бәріне төзімді,
Аспанның астында асқақ ең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу