Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  80


Автор: Қалмаханбет Мұқаметқали

Жас жүрегіңді әуреге салып сені мен...

Жас жүрегіңді әуреге салып сені мен,
Жабығып жүрген кезімде қайдан көріп ем?
Жанарыңдағы жалынға қалдым арбалып,
Жаным-ау, әлде перште ме едің,пері ме ең?
Өріктей піскен өңің де сондай сүйкімді-ақ,
Өртедің мені күлкімді ұрлап, ұйқымды ап.
Өзіңнен өзге көрмей жүр көзім ешкімді,
Өне-бойымды тастадың ба екен сиқырлап.
Еріксіз баурап алған көркем көркіңді,
Еске алып жүрмін өткізген сайын әр күнді.
Еркелікпенен емдеуге келген шығарсың.
Елеске ауған есерлеу Есіл-Дертімді.
Арманым бар ма тарқатып ұшын түйіннің,
Ақ шамы болып жағылсын жарық үйімнің.
Ақ көңілің мен пәк сезіміңнен айналдым,
Аяулым менің, махаббатыңа сүйіндім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу