Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  87


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Құрбы халі

Сабырыңның саязы алып ұрып,
Түскендей-ау басыңа кәрі құрық.
Ақ табанға нәпсі-шоқ таңба салып
Беделіңнің құлады жары үгіліп...
Ақ арыңның жер болды жартасы ауып,
Сайтан сәтке таппадың қалқа сауыт.
Қара киген қара бет қарақшылар
Гүл ғұмырға кетті енді балта шауып.
Көңіл атты далада жатыр ақпан
Мұң ағысы маңыңа жақын аққан.
Тумай жатып тарылған тамырыңа
Бұрынырақ құрт түсті жапырақтан.
Қай күнде де қайғының қаңтары ұлып,
Тар киімдей тұрады тән тарылып.
Тоқырауы тағдырдың таяққа алып
Кетті кемел тұлғаңды талқан қылып.
Үркіген соң аққудай ар ұшқан-ды,
Кеудеңдегі кері алып ағыстарды.
Көңілдегі кептірді көлшігіңді
Күнде тұрып «Қарабас-Арыстанды».
Дауа таппай дертіңе аласұрып,
Мұңлық добын басыңнан дәл асырып.
Балалықтың бақытын бағаламай
Болашаққа бара ма жан ашығып?...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу