Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  116


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Қоңыр

Қоңыр күзде қайтқан қаздың сəлемі,
Қоңырауын қағады аспан əлемі.
...Қоңыр кеште маңырайды қоңырлық,
Менің де бір Қоңыр Қозым бар еді.
Сол ауылда қоңыр үйім қап еді,
Домбырамда қоңыр күйім бар еді.
Қоңыр жолдар менің қоңыр қанатым,
Биік біткен маған ғана тəн еді.
Қоңыр түн кеп жапса дала қанатын,
Қоңыр Қаба омыраулап ағатын.
Менің жаным секілді еді сол өзен,
Сондай сыршыл, сондай терең болатын.
Аспанымда қоңыр қазым бар еді.
Домбырамда қоңыр сазым бар еді.
Өмірімнің қоңыр жазы бар еді.
Қоңыр ғана түтінімді шұбатып,
Қоңыр елде мəңгі қалғым бар еді...
Жұлдыздары жиі құлай ағатын,
Қоңыр желі қуалай бір соғатын.
...Құсжолындай сұлап жатқан сұр соқпақ,
Бұл сапарға шақырған сол болатын.
Айы балқып оң иықтан туатын;
Күні күліп сол иықтан шығатын;
Жұлдыз біткен белін безеп тұратын;
Сағыныштай салмағы ауыр, сазы алтын;
Мен сендерге қос мұнара орнатам,
Бірі жырдан, бірі күйден тұратын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу