Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  89


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Біз келеміз...

Біз келеміз еріп өмір көшіне,
Күдікпенен қарайлаймыз кешіне...
Арты өліммен бітетұғын болған соң,
Өмір сүріп жүрміз осы, несіне?!
Артқа тастар бұдан басқа жоқ енді із:
Жұғысайық (бір-бірімізге бөтенбіз),
Тіпті бұлай боларын да білместен
Өмірге ақыры келіп қалған екенбіз...
Ұмытылып қалады ертең көп есім...
Ал әзірге... өмір сүріп келесің!
Лажсыз өмір көшіне де ересің,
Алдан жақсы күн туар деп сенесің...
Тағдыр басқа не салса да көнесің!
Не апарасың «өміріңе» келесі?
Ойланатын, қиналатын жер осы.
Мұны ешкім де білмес, бәрі-бәріне
Уақыт қой, уақыт қой төреші!
Тағдырлары жартасқа ұрып кемесін,
Дүниені ойлап, қуып соның елесін,
Тек бай болу жаулап сана-өресін...
Адамдардың жия алмай жүр көбі ...есін!
Ертең... ертең ұмытылады көп есім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу