Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  83


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Шежіннің сайы

Шежіннің сайы- тасыған өзен
Көруге сені асыға берем.
Құлыншақ шақты есіме алып,
Жабайы алма, қасыңа келем.
Жабайы алма тəтті едің қандай!
Балалық-дəурен пəк сезім-балдай.
Түріп ап балақ жөнелуші едік
Ойынға ұзақ əсте бір қанбай.
Қырлардан аноу əрі асайын бір
Іздері бар ма балақайыңның?
Жанассаң бірден шымшып алатын
Сағындым назын қалақайыңның.
Оралсам сона-ау жылжыған жылға
Аймановтың да ізі бар мұнда.
Көріп ем алғаш Асанəліні
Көріп ем сонда Нұржұманды да.
Алмасты жаңа жанып алғандай
Жарқылдаушы еді Əнуар* қандай!
Жұлдыздарға сол тамсанып қалған
Балалығымның əні бар балдай.
Соншама əртісті кім жияды?- деп
Санай көрмеңіз бір қиялы деп.
Жаз бойы сонда жатып ең, Шежін
«Қазақфильмнің» филиалы боп.*
Шежіннің сайы-тасыған өзен
Көруге сені асыға берем.
Құлыншақ шақты есіме алып
Жабайы алма, қасыңа келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу