Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  170


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Кіммін мен?

«Мама, сен кімсің?» деп қойды да,
Асылды қызым кеп мойныма.
Сұрақпен қатырды басымды
Онсыз да шаршатқан ой мына.
Кіммін мен?..
Білмедім не дерге,
Ол мені ұғар ма, сенер ме?
«Сен бізге мамасың!» дейді олар,
Бұрылтпай кей күндер өлеңге.
Ұзақ күн сұрақпен не түрлі
Осылай мазамды кетірді.
Жыр менен баланың арасы
Екі оттың ортасы секілді.
Қинама мамаңды, құлыным,
Жағдайын тезірек біл, ұғын.
Өлеңмен бейнетқор сорлымын,
Сендермен бақытты, ұлымын.
Сендер күн, көздегі нұрымсың,
Сендерсіз өткен күн құрысын.
Сендерден басқаның барлығын
Мен құрбан етер ем жыр үшін.
Анамын бөбегін сағынған,
Ақынмын жыр болып ағылған.
Көңілмін екіге бөлінген,
Жүрекпін екіге жарылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу