Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  192


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Оралдым саған, оралым

Өнерге қанат қақтырғаның үшін,
Өмірден орын таптырғаның үшін,
Өзіңе сүйеп арқамды әр кез,
Өткір шындықты айттырғаның үшін –
Оралдым саған.
Жүректе шерді айта қалайын деп,
Көңілдер сырын байқап алайын деп,
Жалған күлкіден шаршаған жанарымды
Мөлдір айдынға шайқап алайын деп –
Оралдым саған.
Еркіндік алып, ел болған кезде,
Елдермен қазақ тең болған кезде,
Жырақтау жүріп, жас дәурен кешіп,
Жалған дүниені ойланған кезде –
Оралдым саған.
Хан Орда түгел тоналған кезде,
Қарлығаш кұстар жоғалған кезде,
Ертеңгі күннен күттіріп үміт,
Айдынға аққу оралған кезде –
Оралдым саған.
Достарым келсе, қарсы алу үшін,
Қосылып бірге ән салу үшін,
Көгілдір туға, егемен елге
Туған жерім деп тамсану үшін –
Оралдым саған




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу