Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  173


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Тосын сұрақ

Қызыл нұр тайып көлдің бетіндегі,
Күн барып ұясына бекінген-ді.
Кешқұрым жолаушылап барып түстік
Ақ үйге бір ауылдың шетіндегі.
Шал отыр қоралап кеп кешкі малды,
Қоржынын әңгіменің шешті де әлгі,
Толғанып бір шежіре бастай беріп:
«Шырағым, әкең бар ма?» – деп сұрады.
Деді қарт: «Ойлы сөзге құмар жаным,
Жастарға әңгіме айтпай тұра алмадым.
Сен мені түсінесің әкең болса,
Сөзімнің әке көрген ұғар мәнін».
Басымды изеп қалған секілдімін,
Тек іштей тынышымды кетірді мұң.
«Бар әкем...» – дедім қартқа осы жерде,
Жанымды қинаса да жетімдігім.
Келеді кем болғысы қатардан кім,
Рас қой «Әке еркесі» атанғаным.
Қимадым осы жолы мен өзіңді,
«Жоқ» деуге, «өлді» деуге бата алмадым.
Байқадым ақсақалдың иланғанын,
О, әке, сенің арқаң сыйланғаным.
Білсең ғой, әттең, дүние, бұ сұраққа
Ботаңның жаны қанша қиналғанын.
Амал не, өліміңе өкінген ем,
Атақты алғым келмей жетім деген.
Мен содан есіміңді өшірмейтін
Бір шаруа тындыруға бекінген ем.
Өмір ғой, жапа шеккен, жала көрген,
Шырмалып өсек деген пәлелермен,
«Көргенсіз, әкесі жоқ» дегізбеуге
Сонда да өзіме өзім уәде бергем.
Келеді құлағымнан қалмай әлі,
«Шырағым, әкең бар ма?» – сол баяғы үн.
Сондықтан жаңадан бір өлең жазсам,
Соңына атыңменен қол қоямын.
Сұрады-ау адамдай бір ақы кеткен,
«Әкем бар!» – дедім үнмен батыл, өктем.
Осы бір намыс қысқан тосын жауап
Сияқты бүгін мені ақын еткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу