Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  115


Автор: Аманхан Əлімұлы

Түсіме енді ауылдың қырат-жоны...

Түсіме енді ауылдың қырат-жоны,
Жорытпаймын ешкімге бірақ та оны.
Өңез торы ат мініп жүр екенмін,
Бала кезім... көзімде сұрақ толы.
Бұлың-бұлың көшеді шəлі сағым,
Бұлдыр-бұлдыр ойлармен алысамын.
Көгі өнбей қой жүнді қоңыр белдің,
Келмей жатқан секілді əлі сəнің.
Күбірткедей кеудемде күлдіреген,
Жарып шықты жанымды бұл бір өлең.
Үмітті үзіп шығанға шығып кеткен,
Сіңір соқпақ соңынан мұңды көрем.
Сөлін сығып алғандай сары сағым,
Шəлі бірде... бірде боз... жарысамын.
Сары ала етек көрініс көгіс тартып,
Шығарды оқыс көңілдің əрі-сəрін...
...Түсіме енді ауылдың қырат-жоны,
Жорытпаймын ешкімге бірақ та оны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу