Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  187


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сарғайған сағыныштан сары ала Күз...

Сарғайған сағыныштан сары ала Күз,
Сіз бізге суық көзбен қарамаңыз, –
Мық жусан мығым жатқан жер тістеніп,
Екеуміз лебіңізбен таранамыз.
Салғандай басына өмір салмақты ойды,
Ілмиіп тұр бөз көде қалмақ бойлы.
Сыңсиды сыбызғыдай сидаң ши де,
Əлдекім дегендей бір алдап қойды.
Кеткендей барымташы барын қуып,
Еседі тағы түзден сарын суық.
Тек қана сілемдері ешкі үрпілі,
Қазығұрт көрсетеді қарымдылық.
Аңғарып тұрғандай-ақ басқа жайды,
Барады терең тартып аспан Айлы.
Жалғыз көз дəудей дүние жалаң тартқан,
Жаныңды қалай ғана жасқамайды.
Сарғайған сағыныштан сары ала Күз,
Сіз бізге сенімсіздеу қарамаңыз, 
Мық жусан мығым жатқан жер тістеніп,
Екеуміз болашаққа бара аламыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу