Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  113


Автор: Аманхан Əлімұлы

Мен кеше еріп кеттім сайтанға бір...

Мен кеше еріп кеттім сайтанға бір,
Білмеймін одан қашан қайтам, Сабыр.
Қызымды алып жатқан құшағына,
Сырымды сосын саған айтам қабір.
Əзірше, əзірше ме мазамды алма,
Үзілді жетер-жетпес жаз арманға.
Бұлтпен сырласамын көкті буған,
Өзіммен-өзім қалып қазан жалда.
Кірпігін көтерместен қыраулы күн,
Оң жақтан сол иыққа бір ауды мұң.
Жоғалтқан қызын мендік ой секілді,
Аспан да ауыр тартып тұр-ау, бүгін.
Көңілмен қалған келер бақыр дерге,
Қосылып қайғы қысқан аһ ұрды ел де.
Тереңінен тегі тамыр тартқан еді,
Өнбестен гүл ғұмыры тақыр жерге.
Үзілмес үзеңгі өмір барда күткен,
Сақтасын деп Құдайым қарға үміттен, –
Отырмын жапырайып жал төбеде,
Жантақтай жалғыз-жарым жарға біткен.
Көңілді сұрай келген көпке тең бе,
Көктемгі ұқсаса да өкпе сеңге, –
Басайын оны əлгі сайтанменен,
Ей, бұлт, көз жасыңды төкпе сен де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу