Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  106


Автор: Аманхан Əлімұлы

Отыз жылдан соң

I
Жеңiп балаң ұшпалау шалықты ойды,
Бiр қызыңмен от сезiм алып бойды, –
Оман дария жағаңда сусыма құм,
Сүйiскенiм есiмде қалып қойды.
Мазамды алып тұрса да ықпа желiң,
Жаны таза арудың шыққа телiм, –
Көз алдыма келтiрiп теппе төсiн,
Елестеттiм содан соң сықпа белiн.
Болмас бiлем, болмайды жырлап қалмай,
Құшағымда қысылып тұрды ақ маңдай.
Сен болсаң асып-таспай ақтың майда,
Бiздерден өлiп-өшкен сыр баққандай.
Ол он сегiз, мен онда жиырмада,
Сағым шəлi оранып қиыр дала, –
Əлдененi жүрегi сезiнгендей,
Күрсiнгенi жадымда сиыр ғана.
Тұрды үнсiз берiлiп орам мұңға,
Көлеңкесi қоп-қою тораңғыл да.
Со жолы, о бойжеткен беттi жуған,
Сiңгендей болып қалған сораң құмға.
Жастықтың аштырмастан шелдi көзiн,
Дегендей айырылысар келдi кезiң, –
Отыз жыл бұрын менi Алматыға,
Қаңбақтай қуып кеткен жел мiнезiм.
II
Шашыңды талдап тараушы ең,
Не жайлар түсiп есiңе, –
Астымен көздiң қараушы ем,
Мен болсам теппе төсiңе.
Қарамас көктем, күзiңе,
Жастықтың еспе желi ме? –
Тұрдым сан қарап үзiле,
Сыртыңнан сықпа белiңе.
Үзiлмей үлпе үмiтiм,
Албырттау асау кезiмде, –
Шырмалып жүрдiм күнi-түн,
Шырмауық сынды сезiмге.
Жүректi тайдай тулатып,
Табылмай жүрдiк қай бақтан, –
Ауылдың итiн шулатып,
Кезiм-ай, кезiм Ай баққан.
Айлы түн, ауыл шетiнде,
Дария, сосын ыспа құм, –
Самалдың тұрып өтiнде,
Есiмде толқи құшқаным.
Сондай да, сондай күн өттi,
Сондай да, сондай түн өттi, –
Талдырып талма бiлектi,
Қалдырып жолға жүректi.
Сол кездей көздi таңға iле,
Есiмде қалды мəңгiге, –
Айтып та болмас əңгiме,
Айтпай да болмас əңгiме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу