Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  144


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ақын мен молда

Ақын:
Кімсің сен?
Молда:
(Таңданған кейіппен)
Молдамын. Жайлап алды аза маңды.
Келдім мен шығаруға жаназаңды.
Ақын:
Менің бе?
Молда:
Ия, сенің. Табытты көрмедің бе?
Ақын:
Тарлау екен. Сыймаспын көрге мүлде.
Молда:
Бетін аулақ. Күпірлік ете көрме.
Ақын:
Өмірімді өлеңмен өргенімде,
Шынымен, өлгенім бе?
Молда:
Өлең сыйқыр. Келеді өзі елеске.
Ақын:
Оқылатын өлеңдей Құраның да,
Алланың сөзі емес пе?
Молда:
Ақын Алла деймісің, сонда маған...
Ақын:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»
Өлім құрдас,
Баста тұрмас.
Молда:
Неге сонша ойнайсын өлімменен,
Табытты ала келдім өзімменен.
Ақын:
Мен емес, жауым беріп тапсырысты,
Бүлдіріп жүрген шығар тақсыр істі...
Молда:
Онда ол ілікті Алла назарына,
Гүл емес тікен өсер мазарына.
Ақын:
Жо...жо..жоқ, тиіспеңіз,
Жүгінсін енді о, шіркін, өз арына.
Молда:
Сонда да, бəрін ұқ...
Балалық, жастық, кəрілік,
Осынау, өтер өмір үш өрімді,
Біледі Алла көресі, ішеріңді...
Ақын:
Дозақ та, ұжымақ та үйім менің,
Білмеймін қайсысына түсерімді,
Е, Жаратқан...
Молда:
Осыны білсең болды,
Бір Алла көрсетеді қалған жолды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу