Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  89


Автор: Ахмет Өмірзақов

Өлең іздеу немесе өң мен түстің арасы

Əрең тапқан Ардағымды баға алмай,
Жанарына ҮмітШырақ жаға алмай;
Жер бетінен Жынсыз Мекен таба алмай,
Бəйітстан қақпасынан қағам жəй.
Төбелердің жаныма жат дауылын,
Тастай қашып,
Іздеген ем Тау Үнін.
БƏЙІТСТАН деп жеткенім қашан -ақ,
БЕЙІТСТАН боп кетіпті, бауырым!..
БƏЙІТ пенен БЕЙІТ қалай теңеспек,
Жаралғанда ЖАНДЫ, ЖАНСЫЗ емес пе ек?
…Қаптаған кіл қаңқалардың ішінде,
Төлегендер бұлдырайды елес боп.
Оятпақ боп ұйықтап кеткен Діл Көшін,
Жұлқылаудан шығып кетті мүлде есім.
Ақыр соңы… тілдеспекке шақырдым,
Дидарғайып қыршындардың Сүлдесін!..
(Шынында мен Елестерді ес көріп,
«Ұғыс» деген ішкі үніме дес беріп;
Шақпақ едім жан қажаған мұңымды,
Ал Олар тұр… сол мұңымнан сескеніп.)
«Үрейленсе Үкі болмыс АқынБақ,
Ібілістің алғаны ма тақымдап?!»
Кенет осы ойымды оқып қойғандай,
Маған бірі келді асығыс жақындап.
Таныды ма маңдай сорын – бес елі,
Ақ жейдесін алдыма əкеп төседі.
Төседі де
Қойды үстіне, ішінде
Ұрттам су… бар шеті сынған кесені.
(Құлағанда сұр аспаннан баяу қар,
Жоғала ма жердегі бар бояулар?
Əлгі елестің көздерінде неліктен,
Маған деген шексіз, шетсіз аяу бар?..)
«Қарашы өзің қан бар ма екен сұрқымда,
Жайымды ұққың келсе менен жыр тыңда!»
Деуге оқталсам…
Отыр екем…
Баяғы –
Бейітстан қақпасының сыртында…
…Жүрегімді бір Жанартау У қысып,
Жанарымды таңда туған жуды Шық.
Жетім көңіл шөлін басты,
Амалсыз,
Елестерден қалған Ұрттам Суды ішіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу