Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  83


Автор: Ахмет Өмірзақов

Ақын достың мұңы

Қасиетіңді шын бағалап отыр кім,
Алдаспан ем – тасқа шауып кетілдім.
Айнала – кең,
Адамдар – көп,
Күн – жарық,
Бірақ, бірақ... мен тұлдырсыз жетіммін!..
Туысқан көп,
Жора-жолдас аз емес,
Сонда-дағы көңілім менің мəз емес.
Ұғысарлық жан таба алмай жалғаннан,
Қысқа ғұмыр гүл тербеген Жаз емес...
Көңілім бүгін бір сұмдықты аңдады,
Сырт айналса бұл өмірдің Əн бағы, –
Жетімдікке бойсынғаның,
Немесе
Тас маңдайға тағдыр Оны таңғаны!..
Қансыз-сөлсіз тағдырдың бұл құлқынан
Құтылам деп мен күн сайын бұлқынам.
Бұлқынам да
Ес жиямын тірліктің,
Сұп-сұр болған күл кейіпті сұрқынан...
Содан ба екен, менің жазған ғазалым –
Махаббаттың шуағы емес, таза мұң!..
Айтшы, бірақ,
Ақын бар ма тартпаған
Рухани Жетімдіктің азабын?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу