Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  97


Автор: Ахмет Өмірзақов

Жүректегі – сөнбеу үшін – лапылың...

Жүректегі – сөнбеу үшін – лапылың,
Тас болады тұлпар мінсең тақымың.
Ғұмыр бойы
Аламанның алдында
Өту деген – Ұлы Арман ғой, Ақыным!
Тұрса бойдан Намыс кетпей, Ар кетпей,
Өлерміз Біз мəрттік жолын тəрк етпей!
Бұл Пəниге келгеніңнен не пайда,
Өте шықсаң жалғыз сəт те жарқ етпей?!
Самғау үшін ең алдымен Көкті біл,
Маздау үшін ең алдымен Шоқты біл!
Сөз Шыңына тікпегенге өз туын,
Жотасында жалғаншының жоқ тұғыр!..
Сор болса да Сұңқар болар – сұңқарлық,
Қор болса да Тұлпар болар – тұлпарлық.
Ат жалынан қолын үзбей жан берер,
Батырлыққа басын тіккен Іңкəрлік!
Серт не керек сергелдеңде сыналған,
Дерт не керек дүбір көрген мың алуан?!
Тар кеудені тəрк етпесе болғаны,
Болсам! – деген,
Толсам! – деген Ұлы Арман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу