Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  96


Автор: Ахмет Өмірзақов

Махамбетке немесе өлмейтін даңқтың өлеңі

Жон сыртына Шындық – қамшы батқасын,
Сый мен Құрмет саған бұрды ат басын.
Қайсар ғұмыр –
Қырық Үш Жыл жұлқынған –
Ғұмыр емес,
Көкті тілген От – Жасын!
Дулығалы басты сүйсе құлай Бақ,
Жұрт жанын ол өткен емес лайлап.
Татымады-ау «Бір-ақ туған қараға»,
Ханнан Қырық туғанымен «құдайлап».
– Бекерге «Ер!» деп танымады Ел сені,
Сөздеріңнің көтерді өзі еңсені,–
Қарашаның шыдамымен шыңдалған,
Ақиқаттың алмас жүзді семсері!
Құрғанымен Ажал қанша қақпанын,
Есепке алып, елеп те оны жатпадың.
Тағдырдан Сен бəрін күтіп,
Күтпеп ең –
Өз итіңнің құтырып кеп қапқанын!..
Жұлдыз – жұлдыз! –
Өшкенімен уақытсыз,
Шамырқана білген емес шабытсыз!
Дəл Өзіңдей «Кескекті ердің сойлары» –
Маңдайына бітпейді елдің – бақытсыз!
Алшаң басып өткенімен жалғанды,
Асқақ шыңға шырқатқан аз арманды.
Саған қарап Ел таниды «АҚЫН!» деп, –
Басын беріп – Арын сақтап қалғанды!
Шыққан күндей сескенбестен «батам» деп,
Өр боп туып, отқа түстің «ОТАН!» деп.
Елдің Дерті, Ердің Серті дейтұғын,
Шың басында көзіңді ілдің, МАХАМБЕТ!
Жалғаншымен арбасқанда Жарық Күн,
Тура сөзде Сендей болар анық кім?!
…Қасіретінің өзінде асқақ Даңқ бар,
Махамбеттей Ақын туған Халықтың!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу