Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  79


Автор: Сабырхан Асанов

Айрылып жапырақтан селдіреген...

Айрылып жапырақтан селдіреген,
ағаштар, арандағы мен бір емен.
Қарамай арып-талған түрімізге,
келіңдер, жыр жазайық мөлдіреген.
Дүние десе дағы толған ақын,
ойлар көп, жайлар да көп толғанатын.
Таңғы ауа ызғарында дірдектеген,
аяулы ағаштарым – қолғанатым.
Жарқырап қайыңның ақ күн білегі,
көк терек көзін әрең түнде іледі...
Әрқайсың әсем ән боп тумасаңдар
жазар ма ем, жазбас па ем жыр, кім біледі.
Сендерді таңғы нұрға шуақтаған,
көрем де, бітеді бір қуат маған.
Тіл қатпай, теріс қарап тұрасыңдар
баладай өкпелеген, жұбатпаған.
Қойғанмен күн бозғылт бу іліп, сәндеп,
төбеңнен төгер жаңбыр бұлт сан көп.
...Құшақтап ту сыртыңнан әрқайсынды,
мен тұрмын бәрінді бір жылытсам деп.
Мен тұрмын бәрінді бір күлдірсем деп,
томсарған тыныштықты бүлдірсем деп.
Күмістей қыраулы күз қойнында да
махаббат, қызық барын білдірсем деп...
Айрылып жапырақтан селдіреген,
ағаштар арандағы мен бір емен.
Қарамай арып-талған түрімізге,
жабылып жыр жазайық мөлдіреген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу