Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  101


Автор: Гүлбақыт Қасен

Досқа сыр

Жалған сөзде жақсылық бар ма, достым?
Арзан дүние жаныңды жалықтырар.
Өзегіне өмірдің арна қостым,
Шыңыраудан шындықты алып шығар.
Ар-намыстың ауылы қайда, достым?
Жігерсіздік - тұйық жол, адастырар.
Үміті мол дүбірге айғай қостым,
Келешектен бір ұшқын қарастырар.
Абыройды сақтайды қалай, достым?
Жөнсіз сөздер жүректі жаралаған.
Шолпан атқан таңдарға арай қостым,
Шын талапты Тәңірім бағалаған.
Өтемесең борышты жөн бе, достым?
Иығыңа жүк арттым күшің келер.
Қарыз бенен парызды бөлмей қостым,
Ұлы істерге ұмтылар түсінген ер.
Адам болу оңай ма айтшы достым?
Аманат көп арқаға батады шын.
Ақиқатты аралап қайтшы достым,
Қайырлы таң атса екен
АДАМ үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу