Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  107


Автор: Сабыр Адай

Ойлағанға ойран-ды

Əр төбеде жалғыз өскен теректей.
Тəңір бізді аз қылыпты көп етпей.
Көп бабамның қорымы тұр қырылған
Өрттен соңғы өңі қашқан желектей
Күштілердің азу тісі ақсимақ,
Басқан ізін бас шұлғиды жат сыйлап.
Əлсіз байғұс
Көрінгенді дос қылып,
Жампаңдайды шапан жауып, ат сыйлап.
Ел намысы,
Еркіндік пен мұратым!
Елін сүйіп, көпке жайсын ұл атын.
Орман көрсем селдіреген жылаймын,
Беліңді бу, бекем бол деп қуатым.
Мен ескімін сазы сарнау жетіген.
Жеді уақыт жүрегімнің етінен.
Атамекен – Ар-намысым, Иманым!..
Иманымның жыртып алмақ шетінен.
* * *
Өмірді сүй,
Алла сыйын ардақта!
Балынан тат, гүл-бəйшешек бар баққа.
Бала – бауыр, баба – бастау бұлағың
Міне, ғажап, ақ төсекте жар жатса.
Елің қорған,
Əлем, əлди ақ бесік.
Сүйе білсең бастан кетпес бақ көшіп.
Дос – айбының,
Туыс – жүрек,
Ту – мерей,
Адал еңбек, білім-бірлік, ақ несіп.
Күлкі қымбат
Пəк сезімді тербеген,
Жастық жалын жəне қуат кернеген.
Кезеңімен
Кемел ойлап, кең пішіп
Халал сөйлер, Хақтың құлы – ер деген.
* * *
Мезгілімен, салтанатты сəнімен,
Өзгертеді тіршіліктің бəрі де өң.
Жастар жайнап өсе берсін жаңарып
Байрақ ұстап, бата алып кəріден.
Түн – тынысың, күн – ырысың шаттығың.
Шаттана біл, сезіне біл бақ құнын.
Жарық күннің жаның мен сүй сəулесін
Бақыт құсын тапқандай-ақ нақ бүгін.
...Сүйе білу – Пəктігің!
* * *
Өмірді сүй,
Жарық таңнан жалықпа.
Құстай самғап, қанат байлап қалықта.
Əр жүректе
Бір-бір қыран арманшыл,
Көкке жібер томағасын ағыт та.
Əрбір қыран өз биігін таңдасын.
Ғашық жанның қиялына бар ма сын.
Өрттей лаулап
Сүйсін мынау өмірді –
Дəстүр-салтын, серт пен антын жалғасын!
Өтер бастан сəске, сəрі, бесіні,
Жұмыр бастан өтпес Хақтың не сыны.
Жарық күнді сүйе алмаған жандарға,
Жəннаттың да ашылмайды есігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу