Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  155


Автор: Сабыр Адай

Неге керек өлең сөздің күйігі

Неге керек өлең сөздің күйігі,
Шешілмейтін көп күрмеудің түйіні.
Өлең деген тарпаң сынды таудағы,
Кіл асаудың үйірі.
Неге керек жырдан шырақ жаққаның,
Барар жері бақытсыздық қасқаның.
Тағы бір
у қосылсын деп тостаққа,
Көңілімнің бір тамшысын тастадым.
Неге керек, неге келдің оқырман,
Жол сұрамақ болдыңыз ба соқырдан.
Қанша күннің кетті өртеніп парағы
Менің жанған рəсуа отымнан.
Неге келдің
у ішкелі келдің бе?!
Ақын құйын, ақыл айтпақ жел кімге?!
Жанған отты жандарына салып ап,
Ақындармен өмір сүрмек ел бірге.
Неге келдің зəрін ішіп бұл жырдың,
Тəттісін-ай құрғырдың.
Өлең деген желідегі бота ғой,
Көздерінен сорғалаған тұнжыр мұң.
Жаңғырықтар мекенінде жаным бар,
Сағымдардан іздеп мені табыңдар.
Мен осынша арпалыспен күн кештім,
Тірі жүрмін от ішінде бағым бар.
* * *
Көп қиындық тартып жүрсің көркемім,
Сағанда бір қонар бақыт бар шығар.
Жылай білсе намыстанып ерте кім,
Сол ертерек от боп қайта шарпынар.
...Бақытыңды тартып ал!
Көп күйіндің, көп жазықты болдың да,
Шыда бірақ, бақыт сені табады.
Ішке салып өз отыңнан толдың ба,
Күресе біл, сырттан қыдыр бағады.
...Сені бақыт табады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу