Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  140


Автор: Сабыр Адай

Адамзаттың ақыры

Адамзаттың ойыны жүр осылып,
Ақылынан отыр, міне, тосылып.
Буаз бұлттар іш тастап жүр айналып,
Келедегі кер маяға қосылып..
Өз-өзіңді жұтып жатсың ұлы жұт,
Өз қанына алды адам құнығып.
Бізге артатын қандай кінəң бар дей ме,
Қыр басында көкбөрілер тұр ұлып.
Жер үстінде күнəліміз баршамыз,
Күні келсе сазайында тартамыз.
Бізді қоймай кезегі мен шақырған,
«Өркениет» осы ма, əлгі, алқаңыз?!..
* * *
Біздің жанның босағасы жырдан-ды,
Ақ ордада кім қалды?!
Жан төрінде жадау көңіл өлеңім,
Керегенің көздерінен ұрланды.
Кірпігіне күміс моншақ зерлеген,
Ат қазықта мүлгиді əне кер дөнен.
Үйір басы қара айғыр-қара түн,
Қоштасып жүр елменен.
Кісінейді күміс көмей жан бұлақ,
Сен де қалқам ал жылап.
Ұсынады орамалын сарғайған,
Күзгі талдар жапырағы жалбырап.
* * *
Аққу кетті, шағала тұр жағада,
Құс қатары ерді бұл да қараға.
Аққу кетті кімге керек киесі,
«Бағаласаң, шағаланы бағала»
Кіммін дейді бəрі болмақ қарашы,
Қанып-ақ тұр табасы.
Жағадағы жан біткенге қажетсіз,
Аққу менен шағаланың арасы.
* * *
Күй шанақтың бөбешігі дір қағып,
Ғасырлар тұр киіп алған кіл қамыт.
Күй бастауы ноғайлының көшімен,
Бара жатыр ырғалып.
Өрнегіндей қалы басқұр, кілемнің,
Осы күйдің құнын кəне, білер кім.
Тиегің – сыр, ішегің – тіл, пернең – бал,
Қамыс құлақ шідерлім.
Домбырам-ай!..
Сөз бастаған ділмарым.
Сендік үнді сертке балап тыңдадым.
Қолын бұлғап шақырады мені де,
Көмейіңе тығылып ап жырларым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу