Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  177


Автор: Сабыр Адай

Қағидалы қара жол

Даланың əні дамылсыз, көмейі күміс сыңғырап,
Барады солай жылжып-ақ.
Сексеуіл, селеу, ақ сора, шағылдың бойы сағым-ды,
Жетімек бота жүр жылап.
Даланың əні бағзыдан, жел басар-да желігін,
Кезеріп кепті ерінім.
Жүректің көзін ашарға жырдан болсын құбылаң,
Тəуекел етсең сен інім.
Бетеге бойлап биік бол, жусанды бойлап аласар,
Жан берісіп талас ал.
Батасын беріп қол жайған, біздің де дала – қара өлең,
Тері де тымақ қара шал.
Даланың ұлы біз деген, өрісі бірге нарлармен,
Астасқан биік заңғармен.
Сырласуға қалайсың, қағидалы қара шал,
Батаңды алған балдармен?!
* * *
Алтын-ды сарай, ақ сарай, алдыңнан ашты қақпасын,
Жаңылса енді жаққа сын.
Гауһарлы жүзік маржан тас, хан тағында өлең бар,
Төрелік айтар таққа сын.
Хан салтанат жырларым, адалдан болсаң дəмдісің,
Сайратып жанның ал құсын.
Батаңды бер де, қолды жай, бағзының сөзі өлмесін,
Баһадүр шалдар бармысың!?..
* * *
Желтоқсан боп, қаңтар болып жалмайды,
Құлдың сөзін құлағына алмайды.
Жазғы дəурен жанның нəзік сəулесі,
Енді оның елесі де қалмайды.
Тарыққанға таңның нұры балдай-ды.
Үркер туды маған көзін салмайды.
Жел жеңешем атымды айтпай түрткілеп,
Құлағыма сыбырлаудан талмайды.
Мен қайтейін шарам бар ма үгілдім,
Кешегіден сəл салқындау бүгін күн.
Жолым үйдің босағасын қайта ашып,
Ақ параққа жүгіндім.
Жанған отпыз, балауыз шам, білтеміз.
Шалықтаңыз, оңды-солды сілтеңіз.
Жазды күтпей жүр дейсің бе мен де бір,
Амал қайсы айтып өлтір білсеңіз!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу