Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  108


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Соңғы хат

Хатың келді.
Қақ бөліндім, жыладым.
Менікі емес мына бақыт, мына күн.
Менікі емес мына жүрек, мына ми,
Естілмейсің керең болған құлағым.
Елес көкте. Елес кеткен құс болып,
Елестеткен едім сені түс көріп.
Сен жыладың, мен мұңайдым, ол күлді,
Аспандағы ай аяқ асты түсті еріп.
Содан кейін мен де кеттім мәңгіріп,
(Көк бөрілік туған жерде қалды ұлып).
Шимай-шимай хат жазылған жүректі,
Жібердің сен өз отыңмен жандырып.
Хатың келді.
Мен мұңайдым, ол күлді,
Жасың тидың, жаның күй боп шертілді.
Домбыра боп сөйлеп кеттің, сұмдығы-ай,
Шек қылып менің сонау сертімді.
Өткенімнің бәрін салып есіме,
Тірі жүр деп тілегенсің несіне.
Көзім ағып кеткен шығар көп тұрып,
Жанып жатқан жүрегіңе тесіле.
Алжасып қап айта алмаған әнімді,
Алаң болып қайта арнаған әнімді,
Кім тыңдасын?!...
Сен естісең болғаны,
Ескі жырды еліткен сол жанымды.
...Кеудемдегі әп-әдемі елес ең,
Сол кеудемді жарып ұштың неге сен?!
Мені мәңгі кешірмей өт,
жалғанда
Кешіріліп жылап жүрсін демесең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу