Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  271


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Реніш

Бүлдірдің ғой...
Жүрек жүзге, жер үшке.
(Жоламаспын бұндай жұмақ, бейішке).
Сайтан сағым елесімен алдаған,
Мен үшін сен бір күнәһар періште.
Е, періштем, сені сүйген мендей кім,
Бар бақытым сенде ғой деп шөлдеймін.
Жүрегімді бала мысық тырнаған,
Саған, сосын бақытыңа сенбеймін.
Періште мұң, ол – бақыттың азабы,
Жүрегімді жаралайды жазады.
Мәжүнінше мәңгіріп-ақ кеттім-ау,
Ләлісінің жұбата алмай назы, әні.
Маған күзден жапырақ – мұң жеткенбе,
Лағнетті неге айтамын өткенге?
Ғазалдарын қайталаймын Ғафиздің,
Мені ұмытып кеткен жұмбақ көктемге.
...Ешкіммен де сағынышты бөліспей,
Бүліндім ғой.
Жүрек жүзге, жер үшке.
Саған айтам ғазалдарын Ғафиздің,
Ей, мен сүйген періште!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу