Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  296


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Құрбыластар, құрдастар

Пысық еді сен алған замандас қыз,
Сырласайық үйіңе қазан асқыз.
Алдап соғар аз ғана жылдан кейін,
Бірімізді біріміз таба алмаспыз.
Ой-қырымның қанықсың бəріне сен,
Сергіп кетем сөзіңнің балын емсем.
Көптен бері көңілдің құяң-шері,
Тарқамады басқаға дəріленсем.
Достығымыз тап-таза басы піскен,
Сырымызда жоқ біттей жасырысқан.
Бəрін жиса бір шыбын жан болмайтын,
Қу жоқшылық өлтірер асығыстан.
Адамдай боп кетіп ек ағайынды,
Бірге жүзіп аққудай ақ айдынды.
Ұмытпадым сол себеп сендерді мен,
Іздеп таптым келгенде талай ылғи.
Солай-солай ұзатып жастықты да,
Жарым ғасыр белінен астық мына.
Бала болып кетеміз кездескенде,
Асау көңіл оғанда бастықты ма.
Жүрген жерін шулатқан майдан қылып,
Қайтіп келмес ондағы қайран қылық.
Айтыңдаршы көңілді көркейтер сөз,
Ұмытылмас бір күнге айналдырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу