Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  138


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қимастарым

Достар барда
тірліктің күйбеңіне қалмай батып,
қимастық сезімдерді жалғайды уақыт,
өмірдің сан тараулы жолдарында
табысқан жақсылармен қандай бақыт!
Қайырмасы:
Тірегің – дос қашанда,
сезімін тот басар ма!
Қуанып кездесесің,
қимасың қоштасарда.
Тілесе сыйластарым,
алдымнан тосады ақ жол,
қош менің қимастарым,
қош, аман бол!
Ойлап тұрсам,
бұл өмір сырғып аққан бұлақ екен,
айнымас дос табу да сынақ екен.
Қызғалдақ қыз тағдырдай ғұмыр деген
кездесу, қоштасудан тұрады екен.
Қайырмасы.
Сағынбасам,
көңілім күзгі күндей мұнарланды,
жалғаймын өздеріңмен гүл-арманды.
Сағыныш – алтын көпір арамызда,
сол бізді табыстырып тұрар мəңгі!
Қайырмасы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу