Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  115


Автор: Фариза Оңғарсынова

Луговой жылқы заводында

Тақым сап сəйгүлікке,
түсімде самғап жүрем.
Елтумен айна-үмітке
атырам таңдарды мен.
Қайда екен тұлпарлары
баяғы бабалардың?
Арманым бұл таңдағы –
қай жақтан таба алармын.
Осы бір іңкəрлығым
қоймаған жанымды жеп.
Кенеттен тұлпарлы күн
туғандай
ағылды кеп!
О, менің аңсауларым –
ай маңдай, құс қанаттар!
Жалыңда талса-ау жаным,
жер жанап ұшқан аттар!
Қарагер құйғып келген
жанары шашып жайды.
Жарысып жүйріктермен
жүрегім тасырлайды.
Жаның жас, дене де сау –
ұш сен де, тұлпар-жырым!
Асылы, тек емес-ау
жүйрікке іңкəрлығым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу