Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  138


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЗАҚ – СЕМСЕР БОЛСА ЕГЕР ҚАҚ БӨЛІНГЕН


Асау өмір ұстатпай құлағынан,
Жүрмін әлі тарқамай құмарымнан.
Томағасын сыпырам Дүниенің,
Сыпырылып түссем де пырағымнан.
Бабалардың Ерлігін мұра қылған,
Көкірегімнен көк өзен жыр ағылған.
Суырылмай қайтемін семсердейін,
Жерім қан мен көз жасқа суарылған.
Сан қайралып шарықтың боз тасына,
Ойран салам жаулардың ортасына.
Қала қанша даламда бой көтерген,
Туған елдің шыланып көз жасына.
Кім кінәлі?
Ал бұған кім кінәлі?
Жауап таппай бұған да жүрмін әлі.
Айналмаса игі еді жоқтау жырға,
Азаттықтың күрескер бір күні әні.
Көкжиектен қара бұлт көрінгенде,
Сұмдар аз ба таптаған төрімді елде.
Қақ бөлінген семсерге ұқсайды екен,
Тұтас қазақ екіге бөлінгенде.
Ата жұрттың жүрегін жаралаған,
Ездер аз ба жат күшті жағалаған.
Тұтас қазақ екіге қақ жарылып,
Бірі – орысты,
бірі – елін паналаған.
 Дұшпан барда,
жау барда жат көрінген,
Ар-намысым қамшыдай қатты өрілген.
Алты малта жортқанда ас болатын,
Заман туған түспейтін ат белінен.
Бірақ,
бірақ жау басын қалай шабам,
Қазақ – семсер болса егер қақ бөлінген.
Күнім өтіп жатса да сергелдеңде,
Неге өзіме сенбеймін – ел сенгенде.
Қараулықтың бәрібір басын шабам,
Қақ бөлінген ақ алмас семсермен де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу