Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  138


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК АСПАНДЫ АЛМАСАМ ҚАЛҚАН ЕТІП


Балақ бауы алынып балағымның,
Серіппесі тартылған садағымның.
Жебем зулап жүр ұшып,
жау жоқ па деп,
Кеңістігін шолғындап дала, құмның.
Сарбаздарым сап түзеп тізілгенде,
Кім қайтарсын ақ алмас – жүзімді елде.
Үзілетін шығармын сағағымнан,
Серіппесі садақтың үзілгенде.
Сенім артып Болашақ кие күнге,
Көкжиектің үңілем жиегіне.
Алда-жалда жығыла қалсам егер,
Сүйенермін найзам мен сүйегіме.
Нарттай жанған жүзімді демі шарпып,
Келер күнге мен жүрмін сенім артып, –
Қайда барсам Қорқыттың көрі ашылып,
Тұрмаса егер қара жер мені тартып.
Ажарымды жүрсе ашып көрікті өлең,
Қайнап-тасып мен неге көбіктенем?
Кімге дәрі егеулі найза екенім,
Етекбасты елімнен көріп келем.
Кедергінің бәрінен самғап өтіп,
Атқан жебем заулауда алға кетіп.
Жауым, сірә, көбейіп бара жатыр,
Көк аспанды алмасам қалқан етіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу