Өлеңдер ✍️

  28.04.2022
  110


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫНДАРДЫҢ СҰМ ЗАМАН КӨЗІН ЖОЙҒАН


Шамырқанып шарыққа қайралатын,
Кетті-ау, әттең, қапыда қайран ақын.
Махаң деген Ерліктің Емені еді,
Болашақта орман боп жайқалатын.
Қастық ойлап кісіге күнін көрген,
Зұлымдықтың қашанда түбірі өнген.
Қайран Махаң – Қорқыттың қобызы еді,
Қуғын көріп, Қараойда күңіренген.
Көресіні көп көріп тағдырынан,
Ерлік кетті-ау қиылып тамырынан.
Секіргенін қарашы басқа бір-ақ
Тістелеп кеп тағдыр-ит балтырынан.
Зауал туса заманың ез болатын,
Асылға ажал күн туар кез болатын.
Ақындардың өмірі гүлге ұқсас па,
Түске жетпей жұлынып тез солатын.
 Қанша ғұмыр кешсе де бесікті елде,
Ажалына Махамбет кезіккен де.
Ақындарға неге ажал кешікпейді,
Қырт-шырттардың бәріне кешіккенде.
Маңайынан жүрмейтін бұрын жұрттың,
Күні туып келе ме жұлын құрттың.
Ақындардың сұм заман көзін жойған,
Көзін ашу үшін де зұлымдықтың




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу