Өлеңдер ✍️

  27.04.2022
  289


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАЙДАН ОҒЫНАН АМАН КЕТКЕНДЕ


Бұлағай заман, сұм заман,
Сұм заманда кім жаман?
Ер қорғаған ер жаман,
Ер қолдаған ел жаман.
Бұлағай заман, сұм заман,
Сұм заманда ел басқарып кіл жаман,
Ұстараның жүзінде
Жүрдің ылғи жақындап
Сұм ажалға бір табан.
Ел ішінде шыдатпады, қайтейін,
Жапырақтай қалтыратып,
Қараулықтың қара бораны бұрқаған.
Жолы қайда тураның?
Арман емес,
Сағым болды қуғаның.
 Сақалы шығып жат болды,
Бірге өзіңмен туғаның.
Бұрқ-сарқ қайнап,
ақ көбік атып аузынан
қара атанға шөгетін
алжасқаны бураның.
Ер жаманы өз асылын лақтырып,
Жұмақ көрген жаттың жаман тулағын.
Зауал туса азамат ер бұғынған,
Буыршындар мұзға тайып жығылған.
Тарлан бөрі шаңқай түсте тай жеген,
Орманына тығылған…
Оу, Махамбет, бұл күнде
өр көңілің суынған,
Елің қайда тас түйін боп буынған?
Құм ішіне сүңгідің,
Найзадайын сұғылған.
Бастан бағың тайғанда,
Жауыз қолдың мылтығы
Оқ боратқан қайдан да.
Пана таппай зыр қақтың,
Ойдан, қырдан, сайдан да.
Бұл қорлықты көргенше,
Кескілесіп неге, сардар, өлмедің,
Кескілескен майданда?!
Арбауына түссе егерде сайтанның,
Күні қараң бастан бағы тайғанның.
Жем болмасаң жарар еді ит- құсқа,
Аман кетіп оғынан
қанды қырғын майданның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу