Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  299


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛДІҢ ҮКІМІ ҚАТАЛ БОЛМАЙ...


Мына сырқат қоғамға ем іздеген,
Тұлғалардан үмітін ел үзбеген.
Биелерді соғымға сойған жақсы,
Өз құлынын жерініп емізбеген.
Көңіліме ызалы кек тұнады,
Ізгілікке қашан жұрт бет бұрады.
Жатқа сатқан баласын шырқыратып,
Аналарды дарға асқым кеп тұрады.
Суарылып бау-бағы бүкіл жердің,
Бағы жанып тұрса да үкілі ердің,
Бұл жалғанда зұлымдық тыйылмайды,
Егер қатал болмаса үкімі елдің.
 * * *
Кісіліктің жоғалғалы ізгі үні,
Дүниенің бұзылып тұр ұсқыны.
Туған елдің жерде қалып жүгені,
Көрінгеннің қолында жүр тізгіні.
Ақиқаттың адасқан соң жолынан,
Елдің қайдан айы тусын оңынан.
Қандай жұрт та ұшырайды апатқа,
Көрінгеннің ере берсе соңынан.
Сардалада тулап аққан Жайығы,
Бұл қазақтың қайда асқақ айбыны?!
Өз тізгінін көрінгенге ұстатқан
Суға батпай тұрмас жұрттың қайығы.
* * *
Жолдағысын жапырып жайпап өткен,
Зұлмат қанша жер үстін майдан еткен.
Сарыарқаның сағымды даласынан
Көзді арбаған сұлулық қайда кеткен?!
Күннен асқан айбыны, айдан асқан,
Күндер қайда зұлматқа майдан ашқан?!
Қаптап өрген киіктер көрінбейді,
Сағымдайын жоғалып қайда қашқан?
Шырылдап қорғаса да торғай-Жалған,
Айдын көлдер тартылып сорға айналған.
Қараулықтың шалғысы,
Қалың өскен
Шалғынымды күн бар ма ормай қалған.
 Сарыарқаның төсінен құм суырып,
Безінбеді жерінен кім суынып.
Аспанымнан уланған темір жауып,
Туған елді тарыдай тұр қуырып.
Дауыл есіп жылдардың қанатынан,
Қайран қазақ қайғыдан жаратылған.
Сынақтардан тау жанып, тас та жанып,
Қара жердің көзінен қан атылған.
Ауа райы бұзылып құбылғалы,
Қандай зауал қазақты тұр ұрғалы.
Елге төнген қатердің алдын алмай
Азаматтар қайда жүр нұр тұлғалы?!
Татулықтың бұзылып шекарасы,
Бүліне ме, кім білсін, ел арасы.
Бұғынады ер неге?
Нар қазақтың
Қан түкіріп жатқанда кең даласы.
Жанарына көк мұнар мұң байланып,
Ана қанша сорлаған тумай қалып.
Елдің асқақ өр рухы бірге өлді ме,
Асқар тауы жатқасын күлге айналып.
* * *
Жер бетіне шуағын төккен арай,
Қара күзге айналсын көктем қалай.
Жезқазғанға Елбасы барған еді,
Көңіл құсын ұшырып көкке қарай.
Көкке қарай серпіліп жыр ұраны,
Ірімеген жұрт едік қымыраны.
 Жезқазғанға Елбасы жеткен кезде
Орманды елдің құлаған зымыраны.
Жерге түгел түспей ме таңның нұры,
Әлде биік емес пе Ар тұғыры.
Елбасының қап қойған жүрегінде
Зымыранның құлаған жаңғырығы.
Туған елге қайғысын ұсынғалы –
Зымыранды бұл қалай ұшырғаны?
Ызғар шашқан жүзінен білінбейді,
Сары орыстың ұяттан қысылғаны.
Орманды елдің осы ма жөн білгені,
Көріп келем сұмдығын жол жүргелі.
Зымыраны, кім білсін, құлады ма,
Елбасына бір қатер төндіргелі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу