Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  81


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛЫП ТАУДЫҢ ҮШ ШЫҢЫ

Шардара қаласында қазақтың үш биінің
ескерткіші бола тұра, сол үш бидің ішінен
Әйтеке биді бөліп алып, оған жеке
ескерткіш орнатқан. Бұның өзі, сайып келгенде,
аруақтарды алалап, бөлу емес пе, ағайын?!
АВТОР.
Айым туып тұрғанда қияқтанып,
Өткен күннен сыр шертсем күй ақтарып.
Үш биі елдің тірлікте қатар жүрген
Алып таудың үш шыңы сияқтанып.
Құрсағында жетілген арлы ананың,
Абыздары болған соң сардаланың.
Бұл үш биге ескерткіш орнатылған
Ақ самала төрінен Шардараның.
Бірақ елдің тұнығы қайдан тұнған,
Сайқал көп те ұйлығып сайтан туған.
Әйтекені үш биден жеке бөліп,
Ескерткішін тұрғызды, қай антұрған!
 Бұған қалай жол берген ел ағасы,
Кімнің қайғы жұтпады шерлі анасы.
Ел болудан қалдық па, жазған Құдай,
Татулықтың бұзылып шекарасы.
Жұрттың бәрі толысқан кемел күнде,
Бөлінеді бұл қазақ неге елімде?
Үш биі елдің үш кеме секілді еді,
Тұнық ойдың бір жүзген тереңінде.
Қасиетін сіңірген жұмыр жердің,
Үш би барда мықты еді бірлігі елдің.
Аруақтарды алалап бөлетіндей,
Не күн туды басына тірілердің.
Ей, ағайын, естілмей айбынды үнің,
Күннен-күнге тұр артып қайғы – мұңың.
Бір тұғырда бұл үш би қатар тұрса,
Сырқырайды мүйізі қай бұғының.
Қалқан болып тұра алмай шым қорғаны,
Кие қашты
далама жын толғалы.
Тірісінде бөлініп жүрген қазақ
Аруақтарды бөлсе егер кім болғаны?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу