Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  335


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛ МЕН ЖЕР НЕМЕСЕ ЖІБЕК ЖОЛЫ ХАҚЫНДА


І
Кесектейін езіліп, уатылған,
Жұрт болса егер жауына кім атылған?
Белдігі осал жігітте бел бола ма,
Жел тұрғанда шыбықтай бұратылған.
Ақ семсері от шашып жарқылдаған,
Сардар мінген қай ат та алқынбаған.
 Жау қайда деп ер жігіт шаба ала ма,
Атқа мықты тартпасы тартылмаған.
Малдарын да өргізіп өрге айдаған,
Тараз жерін қара орман ел жайлаған.
Ел қорғайтын ер жігіт қилы шақта
Тәуекелге сыйынып бел байлаған.
Қорғанына айналған тау, бетеге,
Күшті елдердің шебінен жау өте ме?
Тәуелсіздігін қорғайды кетсе де өліп,
Белін мықты байлаған Тәуекелге!
ІІ
Аспанынан нұр жауып, жыр саулаған,
Қазақ елін кім еміп, кім саумаған?
Жібек жолдан тараған таспа жолдар
Жұмыр жерді жан-жақтан құрсаулаған.
Жамандықтың бәрі де жат көрініп,
Шымыр ескен арқандай қатты өріліп,
Жібек жолы тұрмаса белден байлап,
Кетер ме еді Жұмыр Жер қақ бөлініп.
Тұла бойын аралап, шумақталып,
Шаңдып байлап жібек жол құшаққа алып,
Қорғағасын
Жігінен ажырамай
Тұтастығы Жердің де тұр сақталып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу