Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  112


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРУАҚ КЕШІРМЕЙДІ

Шапыраштының сен едің бір бұтағы,
Ысты елінің мен едім бір бұтағы.
Серік мырза!
Неліктен бұл көктемде,
Көңілімнің қуарып тұр бұтағы.
 Тереңіне бойламай бұл ғаламның,
Жеткен бар ма түбіне шырғалаңның.
Шапыраштының анасы қайтыс болып,
Сүтін еміп жетілген ұлы анамның.
Өксіп көрде жатқанда шерлі анасы,
Бұны неге ұмытты ел ағасы.
Неге есімі қалаға берілмеді,
Димаш еді жалғанда ер данасы.
Бұған бола, әрине, бұзылмайды,
Татулықтың ешқашан шекарасы.
Қонаевты кей кісі ұмытса да,
Ұмытпайды қазақтың кең даласы.
Жұрттың бәрі үн қосып қаз үніме,
Мұратыма жетемін, жаз күніме.
Бір қалаға есімін бермейтіндей,
Ұлы Димаш ағаның жазығы не?!
Қыңсылаған мезгілде қаншық арып,
Шындықты айтсам көзінен қан шығарып:
Өсіргені үшін де жазықты ма,
Қара қоқыс ішінен аршып алып.
Көктем ескен,
сәуле ескен келбетінен,
Ол барда елдің орманы тербетілген.
Серік мырза!
Ақ сүттің киесі атып,
Жоғалғандар аз емес жер бетінен.
Бұны ойлаған жан бар ма бұл күндері,
Неге солғын тартып тұр қыр гүлдері.
Көк мұнара мұржасы қисық елдің
Қайдан түзу ұшады түтіндері.
 Қысастықтан неге адам безінбейді,
Бір бозторғай кеудемде безілдейді.
Өзін құдай көргендер ертең бірақ
Көр азабын тартарын сезінбейді.
Құдай
кісі қылмысын кешер, бәлкім,
Ал аруақ ешқашан кешірмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу