Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  100


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛТЫН ТАҚТЫҢ КИЕСІ

Ей, азамат, жүрекке жара салма,
Арды ұмытып, босқа тек аласарма.
Алтын таққа жанығып, таласқаның
Көргенді елдің ұлына жараса ма?!
Түгенделмей бұл елдің ат-шанасы,
Ашыла ма өмірдің ақ-қарасы.
Суық жел боп бүйірден қадалдың-ау,
Жүріп жатқан мезгілде тақталасы.
Жағасына жүрсең де жармасқалы,
Асыл ердің қашанда арлы аспаны.
Сілтенгенде тұра ма қақ айырмай
Туған елдің сом тұлға алдаспаны.
Қадірін білмегенің нұр тұлғаның –
Биікке емес, билікке ұмтылғаның.
Қайшыласқан уақытта кімге дәрі
Өзіңді өзің жеңе алмай бұлқынғаның.
Жүрсең егер күн кешіп шырғалаңда,
Көретінің көп әлі бұл ғаламда.
Қай жаманға алтын тақ бұйырар ед
Әбішұлы алаулап тумағанда.
Ара түсіп жұртының тағдырына,
Асыл еді шомылған таң нұрына.
Алтын таққа айбарлы жайғасқанда,
Қара тастың жан біткен тамырына.
Ақиқаттың ақ жолын ұстанғанда,
Көңілінен көгершін ұшқан таңда.
 Туладың-ау ішіңе шоқ түскендей
Құдай берген бақытын қызғанғанда.
Көкірегін найзағай айғыздаған
Тас соқты деп құлай ма құз жалғанда.
Тіршіліктің мән берген жүйесіне,
Елдің қарсы келмеген иесіне.
Алтын таққа мінуі мүмкін емес
Алтын тақтың қалғандар киесіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу